Алматыда «Алматы – ән қанатында» атты республикалық композиторлар байқауы басталды

Алматыда «Алматы – ән қанатында» атты республикалық композиторлар байқауы басталды

Алматы қаласы Мәдениет басқармасының қолдауымен «Алматы – ән қанатында!» республикалық композиторлар байқауы өтеді. Байқаудың негізгі мақсаты – Алматы қаласының тарихын, мәдениетін, рухани мұрасын және бүгінгі қарқынды дамуын музыка арқылы бейнелейтін жаңа шығармаларды дүниеге әкелу, сондай-ақ талантты композиторларды анықтап, олардың шығармашылығын қолдау.

Байқау аясында қатысушыларға Алматының көркем бейнесін музыкалық шығарма арқылы жеткізуге мүмкіндік беріледі. Композиторлар «Шабыт берген Алматы!» республикалық байқауының поэзиялық шығармалары негізінде жаңа әндер жазып, сондай-ақ өз таңдауы бойынша Алматыға арналған дербес авторлық туындыларын ұсына алады.

Байқауға Қазақстан Республикасының 18 жасқа толған азаматтары жасына, тұрғылықты жеріне және қызмет түріне қарамастан қатыса алады. Қатысу тегін.

Байқауға ұсынылатын шығармалар түпнұсқа, бұрын жарияланбаған және басқа музыкалық байқауда жүлделі орын алмаған болуы тиіс. Сонымен қатар шығарма жасау барысында жасанды интеллект технологияларын, оның ішінде әуенді автоматты түрде генерациялайтын жүйелер мен нейрожелілік сервистерді пайдалануға жол берілмейді.

Байқау үш кезеңде өткізіледі. Бірінші кезеңде қатысушылардан өтінімдер мен шығармалар 2026 жылғы 15 тамыздан 10 қыркүйекке дейін қабылданады. Екінші кезеңде ұсынылған жұмыстарды сараптамалық комиссия мен кәсіби қазылар алқасы бағалайды. Үшінші кезеңде, қыркүйек айында Алматы қаласы күніне орай, байқау жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтеді.

Жұмыстарды бағалауға танымал композиторлар, музыканттар, дирижерлер, мәдениет және өнер қайраткерлері, сондай-ақ қоғамдық және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысады.
Қазылар алқасы шығармаларды тақырыпқа сәйкестігі, автордың музыкалық деңгейі мен кәсіби шеберлігі, шығармашылық шешімнің ерекшелігі, музыкалық идеяның жаңашылдығы және тыңдаушыға эмоционалдық әсері бойынша бағалайды.

Байқаудың жалпы жүлде қоры 7,5 миллион теңгені құрайды:
* I орын – 3 000 000 теңге;
* II орын – 2 000 000 теңге;
* III орын – 1 000 000 теңге;
* 5 ынталандыру сыйлығы – 300 000 теңгеден.

«Алматы – ән қанатында!» байқауы – қаланың өткенін, бүгінін және болашағын музыка тілімен бейнелеп, Алматының заманауи музыкалық келбетін қалыптастыруға бағытталған шығармашылық жоба.

Өтінімдер мен байқау материалдары:
kense@almaty-ayenderi.kz  электрондық поштасы арқылы қабылданады.

Байқаудық толық Ережесі төмендегі сілтемеде көрсетілген:
https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-madeniet/documents/details/1054647?lang=kk