
АДАМҒА АЛҒЫС АЙТУ—АЛЛАҒА АЛҒЫС АЙТУ!
"Абзал жандар ақ халатты— періштелер ақ қанатты" деуге толық қақым бар.
Тоғыз жылдан бері әбден мазамды алған дертіме бір Алладан шипа сұрап, Еліміздің астанасындағы "Ұлттық нейрохирургия орталығына» келдім.
Ең алдымен осы орталықтың басшысы,
медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, ҚР Ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Қазақстанның Еңбек Ері». «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ Басқарма Төрағасы, бір сөзбен айтқанда ұлтымыздың бағына туған, аты аңызға айналған, нар тұлға Серік Қуандықұлы Ақшолақов ағамызға бас иіп, күллі ұжымға шексіз алғысымды білдіргім келеді.
"Ұлттық" деген мәртебесі бар ұжым дәл осындай болу керек деп ойлаймын. Мұндағы әрбір қызметкер өз ісіне шын берілген, халыққа адал қызмет ететін сайдың тасындай іріктелген сүйкімді жандар екен. Орталықтың есігін ашқаннан сәлемдесуден бастап, әр адамның көңілін тауып тұратын елгезек жандардың көп екенін көріп таң қалдым. Ертерек барып орналасқаннан соң, кең дәліздегі дәрігерлердің суреттерін көріп,олар туралы мәліметтерді оқып толқып келген көңіліме үлкен сенім орнады. Яғни "театр- киім ілгіштен басталады" дегендей, келген адамның жанын жадырататын кең де, жарық фойеде нақты ақпараттардың ілініп тұруы да адамға ерекше әсер етеді екен. Қызметкерлер дің нұсқауымен дәрігерлердің қабылдауында болып, арнайы анализдерімді жинақтап тапсырдым. Әу баста айтқанымдай талай емшіге, талай тәуіпке, шығыс медицинасымен ине салатындарға барып, еш нәтижесін көрмеген, мен секілді жігері мұқалған жанның үмітін оята білген орталықтың әр қызметкеріне рахмет айтамын. Сонымен, "дүйсенбі күні дәрігерлер ақылдасып, қашан ота жасайтынын айтады" деген сөзді естігелі әбден мазам кете бастады. Түкке де тұрмайтын "понедельник тяжелый день" деген сөз де еске түсе береді. Ол сөзге іштегі ойым "дүйсенбі ең керемет күн, ол күні адамзаттың асылы пайғамбарымыз Мұхаммед (сғс) дүниеге келген" деп өз қарсылығын білдіріп, жаныма жігер береді. Ақыры, "уәделі күн" келіп жетті. Білікті дәрігерлер кеңесе келе сейсенбі күні жасайтын болыпты.
Біздің батыс өңірінде кей адамдардың "күн тергейтіні" бар еді. Олар тіпті дүйсенбі мен сейсенбі де іс бастамақ тұрмақ, ас үйдегі ұн қапшықтың да аузын ашпайтын. Өз басым ондайға "құдайдың барлық күні де құтты" деп әу бастан-ақ сенбеуші едім. Сондықтан тек қана ойымды жақсылыққа бұрып, ниет ете бастадым.
Бұл жерге емделуге келген адамдар дәлізде кездесе қалса да бір-біріне ақ тілегін жаудырып жатады.
Айналаңның бәрі тілекшілерге толып тұрғанын көргенде өзіңе ғана емес, баршаға да шипасын бергей дейсің. Бір-бірін ота жасауға аяушылық сезіммен шығарып сап және аман-сау шыққанына балаша қуанып, күтіп алып, жүріп-тұруына жәрдемдесіп жатады.
Бұл емханадағы күнделікті өмірдің көріністері.
Бар адамның тілегі бір болғанда, қиындыққа мойымай бір анадан туғандай боп бірігіп кетеді екен.
Менде "Иә, құдайым, әр істік сәтін салғай" деп 16 ақпан күні, таңғы 4 те тұрып, әбден дайындалдым. Сағат 7.40 та мені медициналық керуетке жатқызып, ота жасалатын бөлмеге апарып тапсырған мейіргер Кәмшат Сағынай: "аға, қорықпаңыз. Өзіміз кеп, қайта алып кетеміз" деп жігерлі сөз айтқанда менде іштей "әумин, әумин" дей бердім. Ота жасайтын жер самаладай жарық, үлкен бөлме екен. Мұндағы қызметкерлер де жағдайымды сұрап, асты-үстіме түсіп, өбектеп жатыр. "Не деген кішіпейіл жандар" деп жатырмын. Қойылған диагноз "клоникалық гемифатциалды спазм". Естуімше бұл оңай жасалатын шаруа емес.
Бір мейіргер маған естірте "ота жасаушы Ербол Тарғынұлын жұрт 'нағыз ювелир" деп тегін айтпайды ғой" деді зор мақтанышпен. Ол сөзге менде иландым. "Отаның сәтті өтуіне ауру адамның көңіл-күйі де әсер ететінін білетін әрбір дәрігер, әуелі сөзбен емдейді екен ғой" деп бар ынта-ықыласыммен "бәрі де жақсы болады" деп іштей қайталап жатып, анестезиолог келгеннен кейін, көп ұзамай-ақ "аппақ бұлттардың арасымен көкке көтеріліп кете бардым"...
Содан кейінгі тағдырым әуелі Жаратқан Иемнің, содан соң аман қалуыма себепкер, ақ халатты абзал жан МАХАМБЕТОВ ЕРБОЛ ТАРҒЫНҰЛЫНЫҢ алтын қолында болған екен.
"Ғажайып түстен" оянған соң ауырсынуды сезіне бастадым. Сол сәтте Ербол Тарғынұлы қасыма кеп "күрделі ота болды, тым ұзаққа созылды. Бірақ, шүкір ота сәтті, жақсы шықты. Өзімде күрделі әрі қауіпті екенін біле тұра, амалсыздан тәуекелге бардым" деп күрсінгенде, мендегі бар ауыртпалықты көтеріп алған азаматқа қалай алғыс айтарымды білмей, көмейіме ащы өксік тығылды. Ол маған қарап мейіріммен "сіз еш уайымдамаңыз, әлі-ақ жақсы боп кетесіз" деп жігер бере қоштасып шығып бара жатты...
Жан сақтау бөлімінен өз бөлмеме орналасқан соң емдеуші- дәрігерім Бауыржан Қонақбаев қайта-қайта жағдайымды сұрап, жан жылытар сөздер айтып, қай кезде де қасымнан табылды.
Әр уақытта көңіл бөлген жақсы жандардың қатарында Асылбек Қалиев, Мұратбек Тілеубергенов сынды білікті дәрігер азаматтарға да алғысым шексіз.
Бізді әрбір күні кезекшілікте бір-бірінен қабылдап ап, жаңа туған сәбидей мәпелеп, ауруымыздан айығуымызға зор әсер еткен
аға мейіргер Фарида Қасымова бастаған мейіргерлер: Жазира Асанова, Айгүл Иманбаева, Анастасия Шереметьева, Анар Омарова, Камшат Сағынай, Гүлнар Абдраманова сынды қарындас- замандастарыма және бөлмелерді мұнтаздай таза ұстап, санитарлық қызмет көрсеткен Феруза Жылқыбаева, Зәуреш Сейітова, Татьяна Канашаевич, Назира Нұралиева, Балнұр Сатқанбай, Арайлым Қаратаеваларға еңбектеріңіздің жемісін көре беріңіздер деймін.
Ал, енді "ас адамның арқауы" деген бес мезгіл дәмді тағамдарымен бойымызға қуат, нәр берген Жабаева Эльмира мен Куценко Еленаға ыстық ілтипатымды білдіремін.
Алланың қалауымен алақандарында аялаған абзал жандардың арқасында отбасыма оралғалы отырмын. "Адамға алғыс айту — Аллаға алғыс айту" деген. Бүгін маған ота жасаған Ұлттық нейрохирургия орталығының тамырлы және функциональды нейрохирургиялық бөлімшесінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты, профессор "Құрмет" орденінің иегері, жоғары санатты нейрохирург Ербол Тарғынұлы Махамбетовтің 49 (мүшел) жасы екен.
Ақ тілегім қабыл болып, жан-жағыңызды қоршаған жақсы адамдармен халықтың алғысына бөленіп, мерейіңіз тасып, бақ-беделіңіз асып, ұрпағыңызбен мың жасаңыз!
Осы орталыққа келуіме жөн сілтеген Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Рүстем Исаевқа және нейрохирург Ержан Узгановқа зор ризашылығымды білдіремін. Көмегін аямаған әлемдік мега жұлдыз Димаш Құдайбергеннің ата-анасына және барша тілеулестеріме бар жақсылықты тілеймін!
Бұл дүние жақсы- жайсаңдармен көрікті. Әр ауырған жанға шипа қонғай, алдынан жақсы адамдар жолыққай.
Құрметпен,
Орал-Қосай Байсеңгір.
22.02.2021 жыл. Астана-Ақтөбе.