Лого
Меню
Страницы
Қызметі
Байланыс ақпараты
Баспасөз орталығы
Құжаттар
Әкім аппараты
Онлайн қабылдау
Все материалы
Азаматтық қоғам
13 августа 2022
Маңғыстауда өңір кәсіпорындарындағы еңбекті қорғау мәселелері талқыланды

13 тамыз, сенбі күні Маңғыстау облысының әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі өңірлік үшжақты комиссиясының отырысы өтті.

Жиынға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, ірі мұнай өндіруші компаниялардың, сервистік мекемелердің, кәсіподақтар мен мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.

Күн тәртібінде өндіріс орындарында жұмысшылардың жарақаттану деңгейін төмендетуге бағытталған мәселелер талқыланды.

Аймақ басшысы өз сөзінде жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігі мен қорғалуы өте маңызды екенін атап өтті.
 
-Өндірістік жарақаттануды төмендету және азайту мәселесі әрбір жұмыс беруші үшін ең маңызды мәселе. Жұмысты аяқтағаннан кейін әр жұмысшы үйіне аман-есен оралуы керек.
Ол үшін барлық әлемдік компанияларда еңбекті қорғауды басқарудың әртүрлі жүйелері енгізілуде және іске асырылуда. Мұндай жүйелер біздің кәсіпорындар үшін де қолжетімді. Алайда, өкінішке орай, кейбір жұмыс берушілер бұл мәселеге тиісті дәрежеде назар аудармайды. Осыған байланысты, бүгін өндірістік жарақаттанудың ағымдағы жағдайын қарастыру қажет. Сонымен қатар өндірістік жарақаттанудың ең жоғары деңгейіне жол берген кәсіпорындарындағы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғаудың тиісті деңгейін қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдайтын боламыз,- деді Нұрлан Ноғаев.

Маңғыстау облысының мемлекеттік         еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Әлігер Іңкәровтың мәлімдеуінше 2022 жылдың 6 айында Маңғыстау облысы аумағында орналасқан мекемелерде 19 жазатайым оқиға орын алған. Барлық жазатайым оқиғаларда басқармамен комиссиялар құрылып, арнайы тергеп-тексерулер жүргізілген. Өндірістегі жазатайым оқиғалардың салдарынан 25 жұмыскер зардап шегіп, оның 24-і ауыр санаттағы жарақат алса, 1 жұмысшы жұмыс орнында қаза тапқан.

-Өндірістік процестің қауіпсіздігін ұйымдастыруда еңбек қауіпсіздігі мәдениеті үлкен рөл атқарады. Іс жүзінде әрбір жазатайым оқиғаның себептерінде зардап шегушінің өрескел абайсыздығы бар. Өкінішке орай, көптеген жұмысшылар қауіпсіздік ережелерін елемейді. Мұның себептері жұмысшыларды еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқыту формальды тәсіл және мекеме басшылығы мен жауапты лауазымды тұлғалар тарапынан төмен деңгейде ұйымдастырылып отыр. Сондықтан, жоғарыда аталған жағдайлардың еңбек қауіпсіздігіне зиянды әсерін азайту үшін, жұмыс берушілер еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқыту мен білімді тексеру сапасын жақсартуды және техника қауіпсіздігі нормалары мен ережелерінің сақталуына толық бақылау енгізуі қажет,- деді Маңғыстау облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Әлігер Іңкәров.

2022 жылдың 6 айында Мемлекеттік еңбек инспекторларымен жоспардан тыс тексерулер шеңберінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша 186 заң бұзушылық анықталды. Анықталған заң бұзушылықтарды жою және оларды алдағы уақытта болдырмау мақсатында 19 нұсқама енгізіліп, 13 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасақталды. Нәтижесінде 3 млн. астам теңге көлемінде айыппұл салынды.

Жиында ең көп жазатайым оқиға орын алған «Қаражанбасмұнай» АҚ, «Oil Services Company» ЖШС, «КЕЗБИ» ЖШС өкілдері өндіріс орындарында болған жазатайым оқиғалар туралы түсініктеме берді.

Кездесу соңында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев кәсіпорын басшыларына өз ұжымдарында тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.

Азаматтық қоғам
12 августа 2022
Ақтауда Каспий теңізінің экологиялық жағдайы талқыланды

12 тамызда Ақтауда Халықаралық "Каспий күні–2022" атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Жиынға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, ҚР сенат және мәжіліс депутаттары, Қазақстандағы Тегеран конвенциясының өкілі, құқық қорғау органдары және арнайы органдардың өкілдері, мекеме, басқарма басшылары, өндірістік мекеме, үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты.

Шарада сөз алған аймақ басшысы Каспий теңізінің аймақ үшін маңыздылығын айта келе, оның тұрақты экологиялық жағдайын қорғау және сақтау біздің басты міндетіміз екенін атап өтті.

- Каспий теңізінің экологиясы оның жағасында орналасқан 5 ел үшін өте маңызды. Біздің міндетіміз - қоршаған ортаға тигізетін әсерді әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, неғұрлым төмендету. Бізді толғандыратын тағы бір мәселе – қызыл кітапқа енген Каспий итбалығының тағдыры. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге ерекше назар аудару қажеттігін және оның жеке өз бақылауында болатынын атап өтті. Каспий теңізінің маңыздылығын ескере отырып, бүгінгі кездесуде айтылған бірқатар ұсыныстар қаралып, олар бойынша нақты шаралар қабылданатын болады, — деді Нұрлан Ноғаев.

Итбалықтарды қорғауды күшейту үшін ҚР Үкіметінің қаулысымен Каспий итбалығы 2020 жылдың 13 қарашасында «ҚР-ның Қызыл кітабына» енгізілді. Өкінішке орай 2022 жылы Каспийден 216 өлі итбалықтың ұшалары анықталды. Бүгінгі таңда итбалықтардың осы түрін сақтау үшін бірқатар шаралар қабылдануда.

Іс-шарада Каспий теңізінің қазіргі жағдайы, экологиялық мәселелерін тиімді шешу және теңіздегі бірегей флора мен фауналардың сақталуы туралы баяндамалар жасалды.

Осыдан 19 жыл бұрын, 2003 жылғы 4 қарашада Каспий теңізінің айналасында орналасқан бес елдің өкілдері Иран Ислам Республикасының астанасы Тегеранда Каспий теңізін қорғау жөніндегі негізгі (Тегеран) конвенцияға қол қойды. Осы негіздемелік (Тегеран) конвенция 2006 жылғы 12 тамызда күшіне енді. Содан бері Каспий теңізінің халықаралық күні жыл сайын аталып келеді.

Азаматтық қоғам
12 августа 2022
Маңғыстауда Халықаралық Жастар күні аталып өтті

11 тамызда Халықаралық Жастар күні аясында стратегиялық жоспарлау сессиясы өтті, оған 60-қа жуық адам қатысты. Олар өз жобаларын өңір басшысына ұсынды, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Шараға еріктілер, жастар ұйымдары мен бастамашыл топтардың өкілдері және ауыл жастары қатысты.

Жоспарлы сессияның алғашқы бөлімінде ҮЕҰ саласындағы сарапшы, ментор Бибігүл Шайхиева қатысушылар үшін "Стратегиялық менеджмент" тақырыбында курс өткізді.

Екінші бөлімде қатысушылар топтарға бөлініп, аймақ жастарының қажеттіліктері мен мәселелерін талдап, өз жобаларын ортаға салды.

Сондай-ақ сессияда қатысушылар креативті мектеп құруды, жастардың шығармашылық тұрғыдан өзін-өзі дамыту үшін арнайы орта құруды, балалар арасында телефон тәуелділігін жою мақсатында "Smart school" қосымшасын іске қосуды ұсынды.

Сонымен қатар шарада өңірдегі жұмыссыз жастардың санын азайтуға, қызметкерлердің мәртебесін арттыруға бағытталған жобалар таныстырылды. Қатысушылар Маңғыстау жастары үшін аймақтың бизнес-картасын жасауды ұсынды.

Жоспарлы сессияның қорытынды бөліміне Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев қатысып, қатысушылардың жобаларымен танысты.

Аймақ басшысы жиналғандарды халықаралық жастар күнімен құттықтады.

- Сіздерді халықаралық жастар күнімен құттықтаймын! Өңірде тынымсыз еңбек етіп, еліміздің дамуына өз үлестерін қосып жүрген өздеріңдей талантты жастармен кездескеніме қуаныштымын.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет жастардың әлеуметтік жағдайына, олардың жұмыспен қамтылу мәселелеріне ерекше көңіл бөледі.
Ел басшылығының тапсырмасы бойынша жастарға арналған көптеген бағдарламалар: "Болашақ", "Жасыл Ел", "Жастар – Отанға", "Дипломмен – ауылға", "Жастар практикасы" жүзеге асырылуда. Әр жыл сайын жастардың әлеуметтік идеяларын қолдауға гранттар бөлініп келеді. Мұның бәрі жастардың дамуы үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға қызмет етеді. Біздің жастарымыз креативті әрі бәсекеге қабілетті болуға тиіс. Осы жұмысты үйлестіру үшін биыл облыстық жастар саясаты басқармасы құрылды, - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.

Айта кету керек, жастар күні аясында 10-12 тамыз аралығында қалада түрлі іс-шаралар өткізілді. Қорытынды кеш теңіз жағалауында гала-концертпен аяқталады.

Азаматтық қоғам
12 августа 2022
Маңғыстауда "Мерейлі отбасы-2022" ұлттық байқауының жеңімпаздары анықталды

11 тамызда облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен "Мерейлі отбасы-2022" ұлттық байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Шарада сөз алған аймақ басшысы "Мерейлі отбасы" байқауына қатысушыларды жеңісімен құттықтап, қатысушыларға отбасы институтын дамытуға қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.

-Бүгін өз мәресіне жетіп отырған «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңі құтты болсын!
Халқымыз үшін отбасы – қастерлі құндылық, қасиетті ұғым.
Отбасы – адам үшін ең жақын әлеуметтік орта. Отбасы - белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелердің, мұралар мен салт-дәстүрлердің сақтаушысы. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауымен республикада отбасыларға қажетті көмек пен қолдау көрсетіледі. Жыл сайын ана мен баланы қорғауға, көп балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақыларға бөлінетін қаражат ұлғайып келеді. Соңғы жылдары облыста бала туу көрсеткіші 31% - ға өсіп, республикада екінші орында тұр. Біздің өңірде 34 мыңнан астам көпбалалы отбасы, 12 мыңнан астам ана "Алтын алқа" және "Күміс алқа"иегерлері. Сіздерді бүгінгі жеңістеріңізбен құттықтаймын, барлық отбасыларға алғысымды білдіремін, - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.

Биылғы өңірлік байқауға облыстың аудандары мен қалаларынан мұнай-газ, білім, денсаулық сақтау, өнер, кәсіпкерлік және т.б. салаларынан құралған 59 отбасы өтінімдерін берді.

Байқауға көп балалы және жас отбасылар да белсенді қатысып, облыстық кезеңге 14 отбасы жолдама алды. Оның ішінде ұстаздар династиясы, өнерлі әулет, кәсіпкерлер және ата кәсіпті ұрпақтан-ұрпаққа мирас еткен отбасылар бар.

"Мерейлі отбасы-2022" ұлттық байқауының жеңімпаздарын анықтау бойынша өңірлік комиссияның шешіміне сәйкес І орынды Бейнеу ауданынан Себепбаевтар отбасы, ІІ орынды Маңғыстау ауданынан Тұңғатаровтар отбасы, ІІІ орынды Түпқараған ауданынан Жауыновтар отбасы иеленді.

Сонымен қатар, облыстық кезеңге қатысқан 11 отбасыға лауреат атағы берілді.

Жеңімпаз отбасылар бағалы сыйлықтармен марапатталып, Маңғыстау облысы атынан республикалық кезеңге Бейнеу ауданының Себепбаевтар отбасы жолдама алды.

Ұлттық жобаның республикалық кезеңі отбасы күніне орай (қыркүйек айының 2 жексенбісі) қорытындыланады.

Азаматтық қоғам
10 августа 2022
«Үздік ауыл әкімі» республикалық конкурсының облыстық кезеңіне қатысушы үміткер Рахат ауылының әкімі Осербай Рсбаевич Табынчаевтың жұмысының тиімділігіне халықтың қанағаттануын өлшеу мақсатында, елді мекен тұрғындарының арасында жүргізілген онлайн әлеуметтік сауалнама қорытындысы бойынша бағалау критерийінің нәтижесі.
Азаматтық қоғам
10 августа 2022
«Үздік ауыл әкімі» республикалық конкурсының облыстық кезеңіне қатысушы үміткер Қызылсай ауылының әкімі Расул Жұмабекұлы Абишаевтың жұмысының тиімділігіне халықтың қанағаттануын өлшеу мақсатында, елді мекен тұрғындарының арасында жүргізілген онлайн әлеуметтік сауалнама қорытындысы бойынша бағалау критерийінің нәтижесі.
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер
08 августа 2022
Құрметті Жаңаөзен қаласының тұрғындары!

Құрметті Жаңаөзен қаласының тұрғындары!

«Электрондық үкімет» порталының «Ашық диалог» платформасында мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасына онлайн нысандағы сауалнамаға бойынша төмендегі сілтеме арқылы өз бағаңызды бере аласыздар!

http://m.egov.kz/survey/

Денсаулық
05 августа 2022
Маңғыстауда КВИ жұқтырғандар саны артты

Маңғыстауда соңғы аптада КВИ жұқтырған 423 адам анықталып, көрсеткіш артты. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Есенғалиева хабарлады.

Спикердің айтуынша, өткен 07.07.–20.07.22ж.апта аралығында коронавирус инфекциясы бойынша 144 жағдай тіркелсе; ал соңғы аптада (21.07. - 03.08.22ж. аралығында) 423 адам жұқтырғыны анықталған.

- Ал, соңғы тәулікте облыс бойынша 41 коронавирус инфекциясының жағдайы тіркелді. Шағыммен 36 жағдай, 5- шағымсыз жағдай. Оның ішінде аймақтар бойынша аурудың ең жоғары үлес салмағы Ақтау қаласында – 73,1% және Мұнайлы ауданында – 19,5% байқалады. КВИ жұқтырғандардың басым көпшілігі - вакцина алмағандар екенін айтқым келеді. Қазір өңірде инфекциялық 7 стационарда 130 төсек орын жұмыс жасап тұр. Стационарларда науқастар саны 1 шілдіде 1 адам болса, бүгінгі күні олардың саны 21 адамға, яғни 4,7 есеге дейін өсті. Оның ішінде жүкті әйелдер 10, балалар 10. Төсек орын толымдылығы 21%. Реанимациялық төсек саны 18, емділіп жатқан адам жоқ,-деді Ләззат Есенғалиева.

Айта кетейік, облысқа 707 680 доза вакцина осы уақытқа дейін жеткізілген. (Спутник В- 1 145 095, Спутник 2 – 145 095, Спутник Лайт – 2000, Казвак – 66 400, Хаят вак – 27 000, Коронавак – 20 000, Веросел Синофарм – 145 480, Пфайзер -156 610), оның 685 860 дозасы егілген.

Қазір қолданыста «Синовак вероселл»; «CoronaVac»; «Хаят вак» вакциналары бар.

Өңір бойынша осы уақытқа дейін I – компонентпен 280 809 (72,2%) және
II – компонентімен 273 724 (70,4%) адам егілген. Ал, соңғы тәулікте I – компонентпен 210 адам егілген және
II – компонентпен 186 адам екпе алды.

Азаматтық қоғам
05 августа 2022
Нұрлан Ноғаев халықаралық жарыста жүлдемен оралған спортшыларды құттықтады

4 тамызда облыс әкімі Нұрлан Ноғаев полиция және өрт сөндірушілер арасында өткен дүниежүзілік ойындардың жеңімпаздарымен, сондай-ақ күрестен Азия және әлем чемпионатының жүлдегерлерімен кездесті, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Полиция және өрт сөндірушілердің бүкіләлемдік ойындары (World Police and Fire Games) 22-31 шілде аралығында өтті. Жарысқа әлемнің түкпір-түкпірінен полиция, төтенше жағдайлар, кеден және түзету мекемелерінде жұмыс істейтін 13 мыңға жуық қызметкер қатысты. Қатысушылар 60-тан астам спорт түрінен бақ сынасты.

Маңғыстаулық полиция қызметкерлері мен өрт сөндірушілер XIX дүниежүзілік ойыннан бокс, каратэ және пауэрлифтинг сияқты спорт түрлері бойынша бақ сынасып, 4 алтын және 3 күміс медаль иеленді.

Сонымен қатар кездесуге 31 шілдеде өткен еркін күрестен U17 әлем чемпионатында бірінші орын алған Ақтаулық спортшы Камиль Куруглиев қатысты. Спортшы 92 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен болатын.

Сондай-ақ кездесуге Бішкек қаласында (Қырғызстан) күрестен өткен жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия чемпионатының жеңімпазы
Әлібек Сәрсенғалиев те қатысты.

Өңір басшысы қатысушыларды жеңісімен құттықтап, оларға табыс тіледі.

- Сіздер өздеріңізді әлемдік додада көрсете білдіңіздер. Спорт саласында жеткен жетістіктеріңіз - біз үшін үлкен мақтаныш. Біліктілікті арттыру, қиындыққа қарсы тұру жолында өздеріңізді дәлелдеп келесіздер. Осы жетістіктеріңіз арқылы жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, оларды жігерлендіріп, алға қойған мақсаттарына жетуге талаптандырасыздар- деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.

Кездесу соңында өңір басшысы жеңімпаздарды алғыс хаттармен марапаттады.

Азаматтық қоғам
02 августа 2022
Маңғыстау облысында соңғы бір аптада індет жұқтырғандардың саны 1,3 есеге артты

Маңғыстау облысында соңғы бір аптада ковид жұқтырғандардың саны 155-тен 211-ге дейін артып, алдыңғы аптамен салыстырғанда ауырғандар саны 1,3 есеге өсті.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Гүлнар Көркембаеваның айтуынша, ағымдағы жылдың 10 ақпан айынан бастап еліміз бойынша өңірлердегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасына сәйкес Маңғыстау облысы жасыл аймақта.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Аманбек Жұмыровтың мәліметіне сәйкес, соңғы айларда ең жоғарғы аурушаңдық көрсеткіші Ақтау қаласында байқалады, онда – 287 адам, Мұнайлы ауданында - 86 адам, Жаңаөзен қаласында - 60 адам ковид жағдайында тіркелген.

-Қазіргі таңда облыс бойынша жалпы саны 52 бригада қызмет атқаруда. Қосымша КВИ өршіген жағдайда резервте 16 бригада дайындалды. Жалпы 52 бригаданың 16-сы қалалық деңгейде және 36 бригада ауылдық елді мекендерге қызмет көрсетеді. Сонымен қатар бригадалар ішінде төртеуі мамандандырылған яғни дәрігерлі бригада және 48 бригада фельдшерлік қызмет көрсетеді. Одан өзге, алғашқы медико-санитарлық көмек көрсету ұйымдарында 646 жалпы тәжірибелі дәрігер және 2000-ға жуық орта медициналық қызметкер жұмылдырылды,-деп атап өтті Аманбек Жұмыров.

Мамандардың айтуынша, облыста коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу үшін вакцинация және ревакцинация жұмыстарын жандандыру, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Сонымен қатар мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың басшылары қызметкерлерінің вакцинация және ревакцинация жұмыстарын толық алуын бақылауға алуы, сондай-ақ қоғамдық көліктерде, адамдар көп шоғырланатын жерлерде, жабық ғимараттарда бетперде тағу тәртібін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдануы қажет.

Жиын соңында өңір басшысы жауапты тұлғаларға коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу және халықтың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында жоғарыда аталған шаралардың орындалуы бойынша бақылауды күшейтуді тапсырды.

Социальные сети
Жаңаөзен қаласының әкімдігі
Меню подвал
Экран дикторы
Терминдер мен қысқартулар
Құпиялылық саясаты
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты