Меню

Страницы

Статья

Заңдар мен заңға тәуелді актілерді қазақ тілінде әзірлеудің басымдығы

Қазақ тілінің «мемлекеттік тіл» мәртебесіне ие болғанына 30 жылдан астам уақыт өтті. Қазақстан Республикасының Конституциясына және «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстанда мемлекеттік тіл мәртебесі қазақ тіліне берілген, бұл оның ұлттық бірегейлігінің қалыптасуын және құқықтық, демократиялық және әлеуметтік мемлекет ретінде нығаюының маңыздылығын көрсетеді. Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында қазақ тіліне қатысты: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін.» – делінген.

Сонымен қатар мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады. Әрине, бұл ереже Қазақстан Республикасының норма шығару саласына да қатысты.

Осыған орай «Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талабына сәйкес нормативтік құқықтық актілер қазақ және орыс тілдерінде әзірленуі қажет, сондай-ақ олардың мәтіні теңтүпнұсқалы болуға тиіс.

Дегенмен көбіне норма шығару саласында орыс тілі басымдыққа ие екені жасырын емес. Іс жүзінде бұл мәселе құқықтық актілер жобаларының орыс тілінде әзірленіп, содан кейін қазақ тіліне сөзбе-сөз аударылу үрдісіне алып келді. Алайда мұндай тәсіл бірқатар қиыншылықтарды тудырады, соның ішінде құқықтық актілер мәтінінің теңтүпнұсқалығы мәселесін атап өткен жөн. Бұл азаматтар үшін құқықтық ақпараттың қолжетімділігіне және заңдарды дұрыс қолдануына әсер етеді.

Қазіргі таңда негізгі мәселенің бірі – құқықтық актілер жобаларының алдымен орыс тілінде әзірленіп, содан кейін қазақ тіліне аударылуы әрдайым түпнұсқа мәтінге тән заңдық ерекшеліктерді мемлекеттік тілде толық немесе дұрыс жеткізе алмауы. Өйткені, кейбір терминдер мен сөз тіркестердің құрылымы қазақ тілінде ерекше. Бұл, өз кезегінде, құқықтық тәуекелдерді тудыратыны анық. Ал орыс тілін меңгермеген азаматтар үшін мұндай тәсіл тіпті құқықтық ақпаратқа толық қолжетімділікті шектейді.

Осы үдерісті тоқтату мақсатында Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінің Заңға тәуелді актілер департаменті құқықтық актілердің жобаларына заң сараптамасын жүргізу барысында осы жобалардың қазақ тілінде әзірленген нұсқасына ерекше көңіл бөле отырып, құқықтық актілердің жобаларына жүргізілген заң сараптамасының қорытындыларын әзірлеуші органдарға қазақ тілінде ғана жолдайды.

Нәтижесінде осындай практика әзірлеуші органдарға құқықтық актілер жобаларының қазақ тілдегі редакциясының сапасына айрықша назар аудару қажеттілігін тудырады, мемлекеттік тілдің басымдығын, сондай-ақ құқықтық қол жетімділікті қамтамасыз етеді.

Құқықтық мәтіндердің теңтүпнұсқалығы мәселесі құқықтық актілерді әзірлеу процесін өзгерту қажеттілігін тікелей көрсетеді. Құқықтық актілердің жобалары алдымен бір тілде әзірленіп, содан кейін екінші тілге тікелей аудару әдісімен емес, әрбір әзірленіп жатқан құқық нормасының мағынасын қазақ және орыс тілдерінде бір-бірінен тәуелсіз түрде жеке жеткізу әдісімен әзірленуі тиіс. Мұндай тәсіл құқықтық мәтіндердің теңтүпнұсқалығы мәселесін шешуге ықпал етіп қана қоймай, сонымен қатар қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде конституциялық мәртебесіне сәйкес келеді. Егер заңдар мен заңға тәуелді актілердің жобалары нақты мағынаны жеткізу мақсатында жеке-дара әзірленсе, бұл заңдық тұжырымдардың айқындылығын арттырып, аудару кезінде пайда болатын қателерді болдырмауға мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасындағы 2021 жылғы халықтың Ұлттық санағының қорытындылары бойынша мемлекеттік тілді Қазақстан халқының 80,1 пайызы меңгергенін көруге болады.

Жоғарыда келтірілген мәліметтің негізінде, азаматтардың тілдік қажеттіліктерін толыққанды қанағаттандыру мақсатында норма шығаруда қазақ тіліне ерекше назар аудару қажеттілігі қоғамда аса маңызды екенін байқауға болады. Құқықтық актілер жобаларының мемлекеттік тілде әзірлену сапасының жоғары деңгейі мемлекеттік қызметшілер, заңгерлер және құқықтанушылар арасында қазақ тілінің сұранысын көтеруге ынталандыру болып, уақыт өте келе заңнама тілі мен терминология сапасын арттыруға ықпал етеді.

Мәселеге қатысты мынадай ықтимал шешімдерді атап өтуге болады:

еліміздегі билингвизм ерекшелігін ескере отырып, ғылыми лингвистикалық сараптаманы заңнамалық актілердің жобаларына ғана емес, заңға тәуелді актілердің жобаларына да міндетті түрде жүргізуді көздеу;

норма шығару қызметінде қазақ тілін одан әрі дамыту мақсатында құқықтық нормалардың мағынасы қазақ және орыс тілдерінде бір-біріне тәуелсіз болуын заңнамалық бекіту мүмкіндігін пысықтау;

лингвистер және терминологтармен ынтымақтастық бойынша заң терминологиясын біріздендіру мақсатында заңгерлер, лингвистер және қазақ тілі мамандарын қамтитын жұмыс топтарын құру;

аудармаға арналған бірыңғай стандарттар әзірлеу: құқықтық мәтіндерді қазақ және орыс тілдерінде теңтүпнұсқалы етіп әзірлеу үшін мемлекеттік стандарттар даярлау қажет, бұл мәтіннің аудармасы дәлдігін арттырып, мағына айырмашылықтарын азайтады.

Қорытындылай келе, заңдар мен заңға тәуелді актілердің жобаларын қазақ тіліне басымдық бере отырып әзірлеу дегеніміз – нақты мағынаны жеткізу мақсатында қазақ тіліндегі нұсқаның орыс тілінен тәуелсіз жеке-дара әзірленуі. Нормашығармашылыққа деген тәсілді өзгерту азаматтар үшін құқықтық ақпараттың қолжетімділігін арттыруға, құқықтық мәдениет пен ұлттық бірегейлікті нығайтуға, сондай-ақ құқық қолдану тәжірибесін жетілдіруге ықпал етеді деп санаймын.

Дата публикации
06 декабря 2024
Дата обновления
06 декабря 2024
Тип
Аналитическая статья

Сейчас читают

Аналитическая статья
28 февраля 2025
Автоматизация процессов регистрации юридических лиц и прав на недвижимое имущество
04 февраля 2025
Быстро и Удобно: во всех отдаленных сельских населенных пунктах республики открыты «Кабинеты права»
Информация
03 февраля 2025
Новые поправки в Кодекс об административных правонарушениях

Социальные медиа

Facebook
Instagram
YouTube

Меню подвал

Экранный диктор
Служба центральных коммуникаций при Президенте РК
Послания Президента РК
Государственные символы РК
Сайт Премьер-Министра РК
Сайт Президента РК
Термины и обозначения
Цели устойчивого развития
Концепция цифровой трансформации