Отбасы құндылықтары
Отбасы – адам өміріндегі ең басты қазына. Қазақ халқында «Отан – отбасынан басталады» деген дана сөз тегін айтылмаса керек. Шағын ғана шаңырақ – үлкен қоғамның негізі. Егер отбасында татулық пен сыйластық орын алса, ол отбасында береке мен бірлік салтанат құрады.
Әр бала үшін өзінің отбасы – ең алғашқы тәрбие мектебі болып табылады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген мақал орынды айтылған. Әке – отбасының тірегі, ана – отбасының мейірімі мен шуағы - деп жатамыз. Бала ата-анадан көрген өнегені бойына сіңіріп өседі. Бала өміріндегі адамгершілік, мейірімділік, адалдық деген қасиеттерді өз отбасынан, қоршаған ортасынан алады.
Қазақ халқы үшін отбасы құндылықтарының ішінде сыйластықтың орны ерекше. «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деген қағиданы ұстанған жанұяда әрқашан татулық, бірлік болады. Ынтымақ пен бірлік те маңызды: «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деп халқымыз бекер айтпаған.
Сондай-ақ «Еңбек – ер атандырады» дегендей, ата-ана баласын жастайынан еңбекқорлыққа баулыса, болашақ еңбек жолын таңдауға бағыт-бағдар беріп отырса, ол өскенде өмірден өз орнын табуға септігін тигізеді. Жалқаулық, еріншектік, ұқыпсыздық сияқты жат қылықтардан сақтандыруымыз қажет.
Ал «Жеті атасын білмеген – жетесіз» деген сөз ұлттық дәстүрді сақтап, ұрпақ сабақтастығын жалғастырудың маңыздылығын көрсетеді.
Ата-анаға не істесең, алдыңа сол келеді. Дүние алма кезек, сенің ата-анаңа жасаған құрметің бірнеше жылдан кейін өсіріп отырған өз ұрпағыңнан қайтады. Ата-аналар отбасы құндылықтарын өскелең ұрпаққа әрқашан дәріптеп, өркендетіп, дамытуға өз септігімізді тигізуіміз қажет.
Қазіргі заманда отбасы құндылықтарына түрлі сын-қатерлер төніп отыр. Ақпараттық ағым, жаңа заманның ықпалы жастардың көзқарасына әсер етуде. «Тәрбиесіз берген білім – адамзаттың қас жауы» деген нақылды естен шығармай, ата-аналар отбасындағы тәрбиесін бірінші орынға қоюлары қажет.
Қорытындылай келе, отбасы – мейірім мен махаббаттың, татулық пен берекенің ордасы. Мықты отбасы – мықты қоғамның кепілі, ал отбасы құндылықтарын сақтау – әрқайсымыздың басты парызымыз.
Әрбір отбасының өз құндылықтары болады: ұрпақ жалғастыру, саналы балаларды тәрбиелеу, үлкендерді құрметтеу, жақындарына, туған-туыстарына деген сүйіспеншілік, салт-дәстүрді сақтау… Отбасылық құндылықтарды қастерлеу, кір келтірмеу барша халықтың басты парызы.
Ахметова Г.О.
Әкімшілік бөлімінің бас маманы