Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауы бойынша жиі қойылатын сұрақтар
Содержание
- Қазақстан Республикасында мәслихат депутаттарының сайлауы қашан өтеді?
- Мәслихаттар дегеніміз не және олардың депутаттары қалай сайланады?
- Кім мәслихат депутаты болып сайлана алады?
- Мәслихат депутаттары қандай сайлау жүйесі бойынша сайланады?
- Сайлаушылар өздерінің сайлаушылар тізіміне енгізілгенін қашан және қайдан тексере алады?
- Неліктен мәслихат депутаттарын сайлауда сайлау бюллетеньдері түрлі түсті болады?
Қазақстан Республикасында мәслихат депутаттарының сайлауы қашан өтеді?
2026 жылғы 29 қарашада Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді. Сайлау науқаны барысында облыстардың, астананың, республикалық маңызы бар қалалардың, аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың 228 мәслихатына 3 447 депутат сайланады.
Мәслихаттар дегеніміз не және олардың депутаттары қалай сайланады?
Мәслихаттар – тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністегі халықтың еркін білдіретін және оны іске асыру бойынша қажетті шараларды белгілейтін, сондай-ақ олардың жүзеге асырылуын бақылайтын жергілікті өкілді органдар.
Мәслихаттар депутаттарының өкілеттік мерзімі – бес жыл.
Мәслихат депутаттары жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланады.
Кім мәслихат депутаты болып сайлана алады?
Қазақстан Республикасының 20 жасқа толған азаматы мәслихат депутаты бола алады.
Сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың; сотталғандығы заңмен белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алып тасталмаған адамның; сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауда кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен таныған адамның сайлануға құқығы жоқ.
Мәслихат депутаттары қандай сайлау жүйесі бойынша сайланады?
Астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалалар мәслихаттарының депутаттары аралас сайлау жүйесі бойынша сайланады. Біртұтас аумақтық сайлау округінің аумағы бойынша пропорционалды өкілдік жүйесі бойынша депутаттардың жартысы, екінші жартысы - бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланады.
Аудандар мен қалалар мәслихаттарының депутаттары бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланады.
Мәслихаттар депутаттығына:
- партиялық тізімдер бойынша сайланатын кандидаттарды ұсыну құқығы – саяси партияларға;
- бірмандаттық аумақтық сайлау округтер бойынша сайланатын кандидаттарды ұсыну құқығы – саяси партияларға, қоғамдық бірлестіктерге, сондай-ақ егер жарғыда тиісті өкілеттік көзделген болса, олардың құрылымдық бөлімшелеріне (филиалдары мен өкілдіктеріне) және өзін-өзі ұсыну арқылы азаматтарға тиесілі.
Аумақтық сайлау округі бойынша бір саяси партиядан бір ғана тізімді тіркеуге жол беріледі, онда әйелдер мен жастардың саны жиынтығында, оған енгізілген адамдардың жалпы санының кемінде отыз пайызын құрауға тиіс.
Ешкім біреуден артық сайлау округінде кандидат болып ұсыныла алмайды.
Сайлаушылар өздерінің сайлаушылар тізіміне енгізілгенін қашан және қайдан тексере алады?
2026 жылғы 13 қарашадан бастап сайлаушыларға нақты сайлау учаскесіндегі сайлаушылар тізіміндегі немесе тиісті әкімдіктің колл-орталығы арқылы өзі туралы деректерді тексеру мүмкіндігі беріледі.
Неліктен мәслихат депутаттарын сайлауда сайлау бюллетеньдері түрлі түсті болады?
2026 жылғы 29 қарашада өтетін мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауында бюллетеньдердің түсі мәслихат деңгейіне және депутаттарды сайлау тәсіліне қарай ерекшеленеді. Бұл сайлаушыларға бюллетеньдерді оңай ажыратуға мүмкіндік береді.
Сайлау бюллетеньдері төрт түсте болады:
- Көгілдір – Астананың, облыстардың, және республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттары депутаттарын партиялық тізімдер бойынша сайлау үшін.
- Жасыл – Астананың, облыстардың, және республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттары депутаттарын бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайлау үшін.
- Күлгін – облыстық маңызы бар қалалар мәслихаттарының депутаттарын сайлау үшін.
- Қызғылт сары – аудандық мәслихаттардың депутаттарын сайлау үшін.
Барлық бюллетеньдер А5 форматында дайындалады. Оларда дауыс беруге қажетті мәліметтер, «Бәріне қарсымын» деген жол және белгі қоюға арналған орындар болады.
