ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША БҚДА ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ МОНОПОЛИЯҒА ҚАРСЫ ӘРЕКЕТ ЕТУ ШАРАЛАРЫ

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША БҚДА ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ МОНОПОЛИЯҒА ҚАРСЫ ӘРЕКЕТ ЕТУ ШАРАЛАРЫ

             Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаментінің (әрі қарай - Департамент) басшысы Жандос Спан баспасөз Аймақтық коммуникациялар қызметіндегі брифингке қатысты. Ол іс-шара барысында 2022 жылдағы жұмысты қорытындылап, Департамент алға қойған жоспарымен бөлісті.

             Департамент 2022 жылдың қыркүйегінде құрылғаннан бері тұтынушыларды табиғи газға қосу кезіндегі құрылыс-монтаждау жұмыстары, азық-түлік ритейлдердің қызметтері, тауық жұмыртқаларын көтерме сату, қантты көтерме сату,  қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, әкету, сұрыптау және көму тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйіне 5 талдау жүргізілген. Бүгінде  электр энергиясын көтерме және бөлшек саудада өткізу, сұйытылған мұнай газы көтерме саудада өткізу, авиаотынды өткізу, қайта өңделген сүтті, күріш пен тауық етін көтерме сату нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйіне 6 талдау жүргізуде.

             Департамент 4 хабарлама мен 11 нұсқама шығарды. Аталған хабарламалар мен нұсқамалар толықтай орындалды.

             «Солардың арасында Ұлытау облысындағы Сәтбаев пен Қаражал қалаларының, Ұлытау ауданының әкімдіктері бар. Осы әкімдіктерінің әрекеттерінде бәсекелестікке қарсы іс-қимылдардың белгілері байқалды. Нақты айтсақ, тендерге қатысушыларды айқындау бойынша конкурс өткізу қажеттілігі бөлігінде ҚР Экологиялық кодексінің 367-бабының 4-тармағын бұзған», - деді Жандос Спан.

             Осыған байланысты жоғарыда аталған әкімдіктердің атына Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзу белгілерінің бар екендігі туралы хабарламалар жіберілді.

             Департамент мемлекеттік кәсіпорындарды құруға келісім беру туралы 10 өтінішхат қарастырып, «Ұлытау су қоймалары»; «Облыстық ЖИТС-тың алдын алу және күресу жөніндегі орталығы»; «Облыстық психикалық денсаулық орталығы»; «Облыстық фтизиопульмонология орталығы»; «Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы»; «Қаражал қалалық ветеринариялық станциясы»; «Ұлытау ауданының спорт орталығы»; «Ұлытау облысының әдістемелік орталығы»; «Мәдени-сауық және шығармашылық ғылыми – әдістемелік орталығы» атты кәсіпорындар қызметін бастады.

             Департамент жанында «Open Space» диалог алаңы жұмыс істейді. Онда облыс кәсіпкерлері, мүдделі мемлекеттік ұйымдармен бірлесіп бизнестің дамуына кедергі келтіретін проблемалық мәселелер талқыланады.

             Сонымен қатар, облыста Кедергілер жөніндегі Кеңес бар. Ол әкімшілік, экономикалық және өзге де тосқауылдарды анықтау мен жою және бәсекелі нарықтық экономиканы қалыптастыру мақсатында құрылды.

             «Кедергілер жөніндегі Кеңес 4 отырысы өтті. Олардың аясында сұйытылған газ, фермерлердің субсидия өтімдерінің қабылдау платформасы,  субсидиялар алушыларға қойылатын өлшемшарттары, Ұлытау әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қаржыландыру бағдарламалары мен мәселелері талқыланды», - деді Жандос Спан.

             2023 жылы Департаменттің мемлекеттік кәсіпорындардың, заңды тұлғалардың жүзеге асырылатын қызмет түрлерін құру, кеңейту және (немесе) өзгерту кезінде монополияға қарсы органның келісімін алу, сондай-ақ монополияға қарсы органның келісімі алынған сол қызмет түрлерін ғана жүзеге асыру тұрғысынан мониторинг жүргізу жоспары бекітілді.

             Жалпы денсаулық сақтау, спорт, мәдениет және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларындағы 20-ға жуық кәсіпорынның қызметін мониторингілеу жоспарланған. Айта кетейік, мониторингке жататын кәсіпорындардың жарғыларында келісілмеген қызмет түрлері анықталған жағдайда монополияға қарсы орган бұзушылықтар мен олардың салдарын жою туралы нұсқама шығаратын болады.

             Сонымен қатар, астық, көмірді бөлшек саудада өткізу, тауарлық газды бөлшек саудада өткізу, жанар-жағармай нарықтарында және қажеттілігіне қарай басқа нарықтарда талдау жүргізетін болады.