
Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті (бұдан әрі-Департамент) белгілі бір тауар нарықтарына талдау жүргізе отырып, тауар нарықтарының жай-күйін, оларға бәсекелестік деңгейін тұрақты негізде зерттейді.
Тауар нарықтарына талдаулар Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 196-бабының және Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Төрағасының 2022 жылғы 3 мамырдағы №13 бұйрығымен бекітілген тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жүргізу жөніндегі әдістеменің негізінде жүргізіледі.
Мәселен, Департамент 2022 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша отын-энергетика кешені, азық-түлік тауарлары, денсаулық сақтау және өзге де нарықтар саласындағы белгіленген географиялық аумақтар аясында тауар нарықтарына 46 талдау жүргізді.
Олардың мақсаттары нарықтағы бәсекелестік ортаның жай-күйін бағалау, нарықта үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерін анықтау, тауар нарығына кіру кедергілерін, сондай-ақ тауар нарықтарындағы бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу белгілерін анықтау.
Талдау барысында 35 нарықта бәсекелестік дамымағаны, тек бар-жоғы 3 нарықта ғана бәсекелестік жеткілікті дамығаны анықталды. Олар - газбен жабдықтау, бастапқы тұрғын үйді сату, автомобиль жолдарын орташа жөндеу саласындағы құрылыс-монтаж жұмыстары сияқты нарықтар.
Сонымен қатар, жоғары білім беру қызметтері, домофон жүйелерін орнату және оларға қызмет көрсету, коммуналдық есепке алу құралдарын орнату, таксиді диспетчерлеу қызметтері, жанар-жағармай материалдарын, сұйытылған мұнай газын көтерме және бөлшек саудада өткізу қызметтері, электр энергиясын бөлшек саудада өткізу, түйіршіктелген қантты, тұзды, жұмыртқаны, тауық етін көтерме саудада өткізу, қайта өңделген сүт, көмірді бөлшек саудада сату, вагондарды жөндеу, пренатальдық скрининг қызметтері және басқа да дамымаған нарықтар бәсекелестікті күшейтуді талап етеді.
Мысалы, ЖЖМ және сұйытылған газды бөлшек саудада өткізу нарығында бәсекелестікті дамыту үшін ЖЖҚС және АГҚС санын ұлғайту, сондай-ақ осындай ЖЖҚС және АГҚС ашу үшін келісім алу рәсімдерін оңайлату қажет деп санаймыз.
Сондай-ақ, белгілі бір тауар нарығының бәсекелестігін дамыту үшін және кәсіпкерлікті қолдау мақсатында шағын және микрокәсіпкерлік субъектілеріне субсидия немесе ең төмен пайыздық мөлшерлемемен кредиттер беруді ұлғайту керек деп санаймыз. Бұл кәсіпкерге белгілі бір нарықта бәсекелес болуға және өз бизнесін дамытуға көмектеседі.
Сонымен қатар, жүргізілген талдаулардың нәтижелері бойынша жаңа компаниялар нарығына енуге кедергілер анықталды. Олар - бағаны мемлекеттік реттеу, таратушы желілердің дамымауы және белгілі бір нарықта әрекет ететін субъектілердің үлестес болуы, нормативтік құқықтық актілерде бекітілген шектеулер және басқа да кедергілер. Бұлар бәсекелестікке теріс әсер етеді.
Бәсекелестікті дамыту - барлық мемлекеттік органдар жауапты саналатын кешенді міндет.
Осыған байланысты, өз қызметін жүргізу барысында мемлекеттің органдарының міндеттерінің бірі субсидия, гранттар, несиелер, лизингтер, сондай-ақ нарықтағы кедергілерді анықтау, оларды жою жөніндегі жұмыстарды жүргізу үшін кеңес беру арқылы белгілі бір нарықта бәсекелестікті дамыту болып саналады.