
2022 жылғы 6 қыркүйекте Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті дизель отынын көтерме саудада өткізуді жүзеге асыратын нарық субъектілерімен дизель отыны нарығындағы ағымдағы жағдай туралы Open Space форматында жедел кеңес ұйымдастырды.
Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің міндетін атқарушының 2022 жылғы 21 тамыздағы № 278 бұйрығына сәйкес мұнай өнімдерін, оның ішінде дизель отынын бөлшек саудада өткізуге шекті бағалар белгіленген.
Кеңес барысында субъектілер дизель отынының тапшылығы байқалатынын, дизель отынын сатып алу мүмкіндігі жоқ екенін және жоғарыда көрсетілген бұйрықтың қолданысқа енгізілуіне байланысты нарық субъектілерінде дизель отынын өткізу кезінде көптеген мәселелер туындайтынын хабарлады.
Бұл ретте Департамент басшылығы дизель отынын өткізуді шектеу, өткізуден негізсіз бас тарту және т.б. фактілері болған жағдайда монополияға қарсы ден қою шараларын қабылдау үшін Департаментке ақпарат жолдауды ұсынды.
Кеңес қорытындысы бойынша, Департамент жанынан құрылған тауар нарықтарына кіру кедергілерін анықтау және жою жөніндегі кеңесте нарық субъектілерінің өзекті мәселелерін қарау ұсынылды.