
Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаменті азаматтардың өтініштері негізінде 2020-2021 жылдар кезеңінде Нұр-Сұлтан қаласының шекарасында авиациялық отынды көтерме саудада өткізу нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жүргізді. Талдау қорытындысы бойынша, Департамент «ҚазМұнайГаз» АҚ-ның еншілес компаниясы болып табылатын «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС іс-әрекетінде нарық субъектілерімен мәні бірдей келісімдерге әртүрлі бағаларды қолдану бөлігінде Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзу белгілерін анықтады.
Атап айтқанда, «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС 2021 жылы авиаотынын басқа нарық субъектілеріне қарағанда «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ-на жоғары бағамен өткізген. Бұл ретте, өткізілген авиациялық отынның жалпы көлемінің 57,9% үлесін «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ сатып алған. Тиісті тауар нарығында үстем жағдайға ие «ҚазМұнайГаз» АҚ еншілес компаниясының бұл іс-әрекеттері Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексін бұзуға алып келген. Серіктестіктің аталған іс-қимылы авиакомпаниялар шығыстарының өсуіне, сәйкесінше салдарынан авиабилеттер бағасының өсуіне алып келетінін атап өту қажет.
Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Департаменті бәсекелестік заңнаманы бұзу белгілері бойынша «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС-не қатысты нарық субъектілеріне мәні бірдей келісімдерге әртүрлі бағаларды қолдануды тоқтату талабымен хабарлама шығарды.
«ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС департаменттің заңды талаптарын орындады және қазіргі уақытта контрагенттерге авиаотынды сату кезінде Серіктестік баға белгілеуге бірыңғай сараланған тәсілді қолданады.
Сонымен қатар, Департамент ағымдағы жылы әлеуметтік маңызы бар авиациялық отынды көтерме/бөлшек саудада өткізу нарығына талдау жүргізіп жатқандығын атап өтеміз. Нарық субъектілерінің іс-әрекеттерінде бәсекелестікті қорғау саласында бұзушылық белгілері анықталған жағдайда, Департаментпен монополияға қарсы ден қою шаралары қабылданатын болады.