
Қазіргі кезде Қазақстан нарығында домофон қызметтері саласындағы қызметті жүзеге асыратын 100-ден астам компания бар, бұл компаниялар арасында бәсекелестіктің бар екендігін куәландыруы мүмкін. Алайда, монополияға қарсы орган жүргізіп жатқан талдаулардың нәтижелері әлі күнге дейін нарықтағы жоғары шоғырлануды көрсетеді.
Мемлекет басшысының ағымдағы жылғы 24 мамырда Ұлттық инвесторлар кеңесінде айтқан тапсырмасы бойынша монополияға қарсы орган негізгі тауар нарықтарындағы, оның ішінде домофон қызметтері нарығындағы жағдайға талдау жүргізді. Жүргізілген талдаудың нәтижелері осы саладағы бірқатар мәселелерді, оның ішінде:
- домофон жүйесін орнатуға шарт жасасу кезінде техникалық қызмет көрсету шартын жасасуды күштеп таңуды;
- домофон жабдығын сатып алу бойынша шығындарды қамтитын домофон орнату үшін шот ұсынуды, ал домофон тұрғындарға меншікке емес, тек пайдалануға беріледі;
- домофон жүйесін орнату кезінде кілтті сатып алуды күштеп таңуды көрсетті, тұрғындар электрондық кілтпен қатар код арқылы есікті аша алады, сондай-ақ нарықтағы құны кейбір домофон компаниялары кілттерінің бағасынан төмен домофондарға әмбебап кілттерді сатып алу мүмкіндігі бар және т.б.
Осы мәселелерді жою үшін жүйелі негізде домофон жабдығын ортақ мүлікке жатқызу, сондай-ақ домофон жабдығын орнату қызметтерін оған қызмет көрсету жөніндегі қызметтерден бөлу мәселесі пысықталып жатыр.