СҚО-НЫҢ ДОМОФОНҒА ЖАУАПТЫ ҰЙЫМДАРЫ ҚЫЗМЕТІНДЕ БӘСЕКЕЛЕСТІККЕ ҚАРСЫ ӘРЕКЕТТЕР БЕЛГІЛЕРІ АНЫҚТАЛДЫ

СҚО-НЫҢ ДОМОФОНҒА ЖАУАПТЫ ҰЙЫМДАРЫ ҚЫЗМЕТІНДЕ БӘСЕКЕЛЕСТІККЕ ҚАРСЫ ӘРЕКЕТТЕР БЕЛГІЛЕРІ АНЫҚТАЛДЫ

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің СҚО бойынша департаменті 2021 жылғы қыркүйектен 2022 жылғы 27 маусымға дейінгі кезеңде Петропавл қаласының шекарасында домофон ұйымдарының қызмет көрсету нарығындағы бәсекелестік жай-күйіне талдау жүргізді.

Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 170-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес, нарық субъектілерінің әрекеттеріне талдау жүргізу нәтижесінде бәсекелестікке қарсы келісілген іс-әрекеттердің белгілері анықталды.

"Алекс Nord" ЖШС, "Домофон Петропавл Элит" ЖШС, "халықтық домофон" ЖШС, "Sim-tel Север" ЖШС бағаларды белгілеу және (немесе) ұстап тұру бойынша іс-қимылдары бәсекелестікті шектейді, ал мұндай жағдай нарық субъектілерінің әрқайсысының мүдделеріне сәйкес келеді.

Осылайша, жоғарыда аталған нарық өкілдерінің әрекеттерінде Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексіндегі  бағаларды белгілеу және (немесе) ұстап тұру белгілері анықталды.

Тауарларды өндіру, өткізу кезінде нарық субъектілеріне бәсекелестікті шектеуге бағытталған келісілген әрекеттеріне тыйым салынады.

Департамент нарық субъектілерінің атына олардың әрекеттерінде Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзу белгілерінің болуы туралы және оларды жою қажеттілігі туралы хабарламалар жіберді.

Монополияға қарсы орган нарық субъектісіне хабарламаны  "жеңіл құқық" құралы аясында жолдайды, ол бәсекелестік заңнамасының бұзушылықтарын өз бетінше жоюға мүмкіндік береді. Құжаты қабылдап алған күннен бастап нарық өкілі оны 30 күн ішінде орындауы тиіс. Заңбұзушылықты жауапты ұйым өз еркімен жойса, тергеу жүргізілмейді. Хабарлама мүлдем немесе толық көлемде орындалмаса, монополияға қарсы орган белгілеген мерзімдер бұзылған жағдайда Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасын бұзу белгілері бойынша тиісті тергеу тағайындалады.