
Мемлекеттік қызметшілер арасында республикалық спартакиадада Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің маманы топ жарды. 700-ге жуық маманның басын қосқан спорттық дода Петропавлда шілденің 13-і мен 17-сі аралығында өтті. Қатысушылар шағын футбол, волейбол, тоғызқұмалақ, қазақ күресі, жүзу, тастаяқ (бильярд), үстел теннисінен бақ сынады. Кіл мықтылар арасында өз дайындығын сынауға Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің тергеп-тексерулер бөлімінің бас маманы Бағжан Әділбек те барды.
Айта кететіні, 8 жылын мемлекеттік қызметте жүрген Бағжан Әділбек алдымен аймақтық деңгейдегі жарыстарды бағындырды. Кей жылдары спорттың ұзындыққа секіру, үстел теннисі мен 100 метрге жүгіру түрінен үздік атанған әріптесіміз биыл облыстық жарыста ерлер арасында жүзуден топ жарды. Осылайша, ол биыл бірінші рет аймақтық департамент қызметшілеріне республикалық спартакиадаға қатысуға мүмкіндік берілген соң, Жамбыл облысының құрама сапында Петропавлға үміт арақалап барған еді. Нәтижесінде 4 күнге созылған дода аясында өткен жүзуден ерлер арасында бірінші орынды иемденді!
ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің ұжымы әріптесіміз Бағжан Әділбекті жеңісімен құттықтайды!