
Жамбыл облысы бойынша монополияға қарсы департамент Тараз қаласы прокуратурасының "Жамбылжарықсауда-2030" ЖШС тарапынан бәсекелестік заңнамасын бұзу туралы ұсынысын қарау шеңберінде энергиямен жабдықтаушы ұйымға Кәсіпкерлік кодекс нормаларын бұзуды тоқтату туралы нұсқама енгізді.
Белгілі болғандай, "Жамбылжарықсауда-2030" ЖШС өзінің үстем жағдайын теріс пайдалана отырып, тұтынушылармен жасалған шарттарда электр энергиясын тұрмыстық емес мұқтаждар үшін пайдаланатын тұтынушылар үшін электрмен жабдықтаудың үлгілік шартында көзделген, тұтынушының құқықтарына, электр энергиясын төлеу тәртібі мен сатушының міндеттеріне қатысты талаптарды енгізбеген.
Анықталған фактілер негізінде, монополияға қарсы департамент энергиямен жабдықтаушы ұйымға қатысты тұтынушылардың белгілі бір тобының заңды құқықтарына қысым жасайтын іс-әрекеттерді жою туралы нұсқама шығарды.
Нұсқаманың орындалу мерзімі ағымдағы жылдың 15 маусымына дейін.