
«Сарыарқа» ӘКК» АҚ қызметін талдау шеңберінде Қарағанды облысы бойынша монополияға қарсы департамент корпорацияның жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының бизнес-жоспарларына сараптама жүргізу бөлігіндегі іс-қимылын зерделеді.
ӘКК жарғысына сәйкес, корпорация холдинг компанияларының қызметімен айналысады, мемлекеттік және жеке секторларды шоғырландыру, кластерлік тәсіл негізінде бірыңғай экономикалық нарық құру және т. б. арқылы Қарағанды облысының экономикалық дамуына жәрдемдеседі.
«Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» Заңның нормаларына, Ұлттық экономика министрлігінің бұйрығына, сондай-ақ Қарағанды облысы әкімдігінің қаулысына сәйкес «Сарыарқа» ӘКК жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларына бизнес-жоспарларға сараптама жүргізуге уәкілетті заңды тұлға болып айқындалған.
Алайда, Кәсіпкерлік кодексінің (КК) нормаларына сәйкес мемлекеттік кәсіпорындар, акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайызынан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар және олармен үлестес тұлғалар жүзеге асыратын қызмет түрлерінің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
Қарағанды облысы бойынша Ұлттық статистика бюросы департаментінің жауабына сәйкес, МЖӘ жобаларының бизнес-жоспарларына сараптама жүргізу жөніндегі қызмет «Сарыарқа» ӘКК қызметінің негізгі түріне жатпайды. Осының салдарынан Кәсіпкерлік кодекстің мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысу шектері бөлігіндегі жағдайы сақталмайды.
Орталық және жергілікті атқарушы органдар Кодекспен және ҚР өзге де заңнамасымен белгіленген өз құзыреті шегінде бәсекелестік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысатыны КК-тің 163-бабының нормаларымен регламенттелген. Мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде экономиканың тиісті салаларында мемлекеттік саясатты іске асыру кезінде бәсекелестікті дамыту жөнінде шаралар қабылдауға және бәсекелестікке теріс әсер ететін әрекеттерді (әрекетсіздікті) жасамауға міндетті.
Анықталған фактілер негізінде, Қарағанды облысы бойынша монополияға қарсы департамент ӘКК құрылтайшысы – «Қарағанды облысының өнеркәсіп, индустриялық-инновациялық даму басқармасы» ММ-нің атына ӘКК-нің мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларына бизнес-жоспарларға сараптама жүргізу жөніндегі қызметін тоқтату туралы нұсқама енгізіп, осы функцияны бәсекелес ортаға беру туралы мәселені қарастыруға нұсқады.
Нұсқаманың орындалу мерзімі 30 күнтізбелік күн.