
Жақында Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті "Эфес Қазақстан" ЖК АҚ-ның жосықсыз бәсекелестік белгілері бойынша "ПЕРВЫЙ ПИВЗАВОД" ЖШС-нің әрекетіне қатысты хатын қарады.
Заңнамаға, іскерлік айналым дәстүрлеріне, парасаттылық, ұтымдылық және әділдік талаптарына қайшы келетін және нарықтың басқа субъектілеріне – бәсекелестерге залал келтірген немесе келтіруі мүмкін не олардың іскерлік беделіне нұқсан келтірген немесе келтіруі мүмкін нарық субъектісінің кәсіпкерлік қызметінде артықшылықтар алуға бағытталған кез келген іс-әрекеттер жосықсыз бәсекелестік болып табылады. Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік Кодексінің нормаларына сәйкес монополияға қарсы орган жосықсыз бәсекелестіктің алдын алады және жолын кеседі.
Хатты қарау барысында белгілі болғандай, еліміздің сауда нүктелерінде "ПЕРВЫЙ ПИВЗАВОД" ЖШС "Bear Beer" маркалы сыраны Қазақстанға жеткізуші бола отырып, аталған сыра маркасының баға белгілерінде "Дұрыс аюмен демалыс"деген жазуды пайдаланады.
"Эфес Қазақстан ", "Белый медведь" маркалы сыраны өндіруші және сатушы ретінде "Bear Beer" сырасының баға белгілеріндегі "Дұрыс аюмен демалыс" мәтіні сатып алушыларға сыраның басқа маркаларында, яғни атауында "аю" сөзі бар сыраның барлық маркалары сапалы емес тәрізді түсінік қалыптастырады деп есептейді.
"Эфес Қазақстан" ұсынған Лингвистика жөніндегі маманның қорытындысы бойынша «Дұрыс аюмен демалыс» жазуы сыра тұтынушыларында атауы"аю" сөзі бар сыраның басқа маркалары туралы жағымсыз түсінік қалыптастыруы мүмкін.
Алматы облысы бойынша монополияға қарсы департамент зерделеген деректер негізінде "Первый ПИВЗАВОД" ЖШС - нің "Bear Beer" сырасының баға белгісін қолдану жөніндегі іс-әрекетінде "Дұрыс аюмен демалыс"/"Отдых с правильным медведем" жазуларымен жосықсыз бәсекелестік белгілері, атап айтқанда-бәсекелестің сатушысын (жеткізушісін) бойкотқа шақыру байқалатыны анықталды.
Кәсіпкерлік Кодексінің 199-бабының 1-тармағы негізінде, "ПЕРВЫЙ ПИВЗАВОД" ЖШС-не қатысты кәсіпорын әрекеттерінде Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзу белгілерінің болуы және оларды тоқтату қажеттігі туралы хабарлама шығарылды.