
ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаменті жанындағы кедергілер жөніндегі кеңес отырысында мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудағы кедергілер қаралды.
Әлеуетті өнім берушілердің конкурсқа немесе аукционға қатысуға өтінімдерінде өндірушілерден не олардың ресми өкілдерінен (дилерлерден немесе дистрибьюторлардан) хаттардың (сертификаттардың, куәліктердің) көшірмелерінің болуы туралы талап, мемлекеттік сатып алу порталы арқылы нарыққа кіру кезіндегі кедергілердің бірі болып табылады.
Бұл кедергі баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алуды жүргізу кезінде де бар – шарт жасалғаннан кейін хаттардың ұқсас көшірмелерін ұсыну талап етіледі.
Барлық әлеуетті қатысушылар өндірушілерден немесе олардың ресми өкілдерінен хаттардың (сертификаттардың, куәліктердің) көшірмелерін ала алмайды. Хаттардың бұл көшірмелерін өндірушілермен немесе олардың ресми өкілдерімен ресми жұмыс істейтін субъектілер ғана ала алады, сол арқылы мемлекеттік сатып алуға қалған қатысушылардың құқығы шектеледі.
«Бұл кедергіні жою үшін «Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидалары» туралы Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 11 желтоқсандағы № 648 қолданыстағы бұйрығына әлеуетті өнім берушілердің конкурсқа және/немесе аукционға қатысуға өтінімдерінде өндірушілерден не олардың ресми өкілдерінен (дилерлерден немесе дистрибьюторлардан) хаттар көшірмелерінің болуы туралы талаптарды алып тастау бөлігіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет» - деді ҰКП Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Өңірлік кеңесінің мүшесі Азат Жалкеев.
Елордалық кедергілер жөніндегі кеңес белгіленген шектеулерді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің уәкілетті мемлекеттік органдармен одан әрі пысықталуы үшін Кедергілер картасына енгізу туралы шешім қабылдады.