
2022 жылғы 20 сәуірде онлайн режимінде ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті Кедергілер жөніндегі кеңестің (Кеңес) кезекті отырысын өткізді.
Отырысқа қатысушылар Талдықорған-Қапшағай-Алматы ақылы трассасы бойынша жол жүрудің жоғары құны жайлы мәселені көтерді. Кедергілер жөніндегі Кеңестің Төрайымы Иванова Светлана Петровна сөз сөйлеп, Талдықорған-Қапшағай-Алматы ақылы трассасы бойынша тауарларды тасымалдау және жеткізу кезіндегі, шағын және орта бизнес өкілдерінің тап болатын ең өткір мәселелерін атап, оларды шешу жолдарына байланысты ұсыныстармен таныстырып өтті. Ақылы жол бойынша жол жүрудің жоғары құны, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік және өзге де тауарлардың бағасының өсуіне әсер етеді, себебі логистикалық қызметтерге жұмсалатын шығындар тауардың өзіндік құнында үлкен рөл атқарады. 23 қараша 2021 жылы бекітілген тарифке сәйкес 15 тоннадан астам жүк машиналарына ақылы учаскелер бойынша жол жүру: Қапшағай-Талдықорған 4 660 теңге, Қапшағай-Алматы 1000 теңгені құрайды. Орташа есеппен Талдықорғаннан Алматыға және кері қайту жолақысының шығыны-11 320 теңге.
Отырыс қорытындысы бойынша кеңес мүшелері ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне бұл мәселені кедергілер жөніндегі Кеңестің республикалық отырысында қарау және уәкілетті органдарға ұсыныстар енгізу туралы хат жолдау туралы шешім қабылдады.
Тауар нарықтарындағы және бәсекелестікті шектейтін неғұрлым өзекті және өткір проблемаларды бірлесіп қарау және шешу мақсатында Талдықорған қаласы, Қабанбай батыр көшесі, 78 мекенжайына немесе +7 (7282)24-28-16 телефоны бойынша хабарласуды сұраймыз. Егер сізде талқылау тақырыптары бойынша ұсыныстарыңыз болса, оларды электронды мекен-жайға жіберулеріңізді сұраймыз: m.tursynbek@azrk.gov.kz
Ашық көздерден алынған фотосурет.