АТЫРАУ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША МОНОПОЛИЯҒА ҚАРСЫ ДЕПАРТАМЕНТ ҚҰРЫЛЫС САЛУШЫЛАРҒА БАҒАНЫ КӨТЕРУ ТУРАЛЫ ЖАРИЯ МӘЛІМДЕМЕ ЖАСАҒАНЫ ҮШІН АЛДЫН АЛА ЕСКЕРТУ ЖОЛДАДЫ

АТЫРАУ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША МОНОПОЛИЯҒА ҚАРСЫ ДЕПАРТАМЕНТ ҚҰРЫЛЫС САЛУШЫЛАРҒА БАҒАНЫ КӨТЕРУ ТУРАЛЫ ЖАРИЯ МӘЛІМДЕМЕ ЖАСАҒАНЫ ҮШІН АЛДЫН АЛА ЕСКЕРТУ ЖОЛДАДЫ

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті өңірдегі құрылыс  салушыларға Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзуға әкеп соғуы мүмкін әрекеттерді жасауға жол бермеу туралы алдын ала ескерту жолдады.

2022 жылдың наурыз айының басында Instagram және Facebook әлеуметтік желілерінде Атырау аумағында бастапқы тұрғын үйді өткізуді жүзеге асыратын құрылыс компаниялары ("К7 Group" ЖШС, "MBS Capital" ЖШС және "Bastau Construction" ЖШС) наурыз айының басынан бастап пәтерлер бағасының көтерілетіндігі туралы посттар жариялады.

ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 170-бабының нормаларына сәйкес тауарлар өндіруді, өткізуді жүзеге асыратын нарық субъектілерінің бәсекелестікті шектеуге бағытталған, оның ішінде тауарларды сатып алу немесе өткізудің бағаларын не басқа да жағдайларын белгілеуге және (немесе) ұстап тұруға қатысты келісілген әрекеттеріне тыйым салынады. Бұл ретте Кодекстің 198-бабына сәйкес нарық субъектілерінің, мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органның тауар нарығындағы жоспарланып отырған әрекет туралы жария өтінішіне, егер мұндай әрекет бәсекелестік саласындағы заңнаманы бұзуға әкеп соғуы мүмкін болса жол берілмейді.

Осы мән-жайларды назарға ала отырып, монополияға қарсы департамент" К7 Group" ЖШС, "MBS Capital" ЖШС және "Bastau Construction" ЖШС құрылыс салушыларына бастапқы тұрғын үй бағасының қымбаттауы түрінде көрсетілген тауар нарығындағы жоспарланып отырған іс-әрекеті туралы жария өтініші (әлеуметтік желілерде орналастырылған ақпарат) нарықтың басқа субъектілерінің іс-әрекеттеріне әсер етуі және Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылуына әкеп соғуы мүмкін екендігі туралы алдын ала ескерту жолдады.