
Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің өңірлік департаментінің атына «Каскор-Транссервис» АҚ-ның қызметін талдау нәтижелері бойынша бәсекелестік заңнаманы бұзушылықтарды жою туралы хабарлама шығарды.
Талдау жүргізуге «Астық одағы» ЗТБ, «Mangystau oil refining» ЖШС-ның өтініштері негіз болды. Өтініштермен жұмыс жасау шеңберінде Маңғыстау облысы бойынша монополияға қарсы департамент «Каскор-Транссервис» АҚ басқа бәсекелес жолдар болмаған жағдайда жылжымалы құрамның жүруі үшін кірме жолды ұсыну бойынша табиғи монополиялар субъектісі болып табылатынын анықтады. Алайда, бұл кәсіпорын маневрлік жұмыстар үшін кірме жолды ұсыну, тасымалдау процесінің тиеу-түсіру және басқа да технологиялық операциялары, жылжымалы құрамның тұрағы сияқты реттеліп көрсетілетін қызметтерді көрсете отырып, табиғи монополиялар субъектілерінің тіркелімінде тұрған жоқ және тарифтерді дербес белгілейді.
«Каскор-Транссервис» АҚ-ның тұтынушыларға бірдей қызметтерге тең емес шарттар ұсынуы фактілері анықталды. Бұл ретте, Табиғи монополиялар туралы заңның 26-бабының нормаларына сәйкес табиғи монополия субъектісі заңға сәйкес бекітілген тариф бойынша реттеліп көрсетілетін қызметті және оған қолжетімділіктің тең жағдайларын ұсынуға міндетті.
Бұдан басқа, «Каскор-Транссервис» АҚ қоғамдық маңызы бар нарыққа жатқызылған және уәкілетті мемлекеттік орган реттеуі тиіс теміржол көлігімен және локомотивтік тартыммен жүктерді тасымалдау бойынша көрсетілетін қызметтерге төлем мөлшерін дербес белгілейтіні анықталды.
Анықталған фактілердің негізінде Маңғыстау облысы бойынша монополияға қарсы департамент ҚР ҰЭМ ТМРК өңірлік департаментінің атына «Каскор-Транссервис» АҚ-ны реттеліп көрсетілетін қызметтер бойынша табиғи монополиялар субъектілерінің тіркеліміне енгізу қажеттігі туралы хабарлама шығарды, оларға тарифтерді бекіту және компанияның әрекеттерінде ҚР ӘҚБтК-тің 164-бабы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық құрамының бар-жоғын қарау қажет, ол бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен табыс (түсім) сомасынан 100% алып қою түрінде жауаптылық көзделген.
Сондай-ақ хабарламаға «Каскор-Транссервис» АҚ-ның жүктерді тасымалдау және локомотивтік тартқыш жөніндегі қызметтерін қоғамдық маңызы бар нарықтарға жатқызу мәселесін қарау және бағаларды бекіту талабы енгізілді.