ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ МОНОПОЛИЯҒА ҚАРСЫ ДЕПАРТАМЕНТІ ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫ ҮШІН ТӨЛЕМ ҚАБЫЛДАУДАҒЫ ДЕЛДАЛДАРДЫ ЖОЙДЫ

ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ МОНОПОЛИЯҒА ҚАРСЫ ДЕПАРТАМЕНТІ ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫ ҮШІН ТӨЛЕМ ҚАБЫЛДАУДАҒЫ ДЕЛДАЛДАРДЫ ЖОЙДЫ

          Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті Шардара ауданы тұрғындарының өтініші бойынша Шымкент қаласы мен Түркістан облысын энергиямен жабдықтау қызметін көрсететін энергиямен жабдықтау ұйымы «Энергопоток» ЖШС-не қатысты тергеп тексеру жүргізді.

            Тергеу көрсеткендей, Түркістан облысы Шардара ауданында абоненттер саны 15 мыңнан асқан «Энергопоток» ЖШС-нің жеке кассалары болмаған.

            Төлемдерді қабылдау «Unikassa» ЖШС төлем ұйымын тарту арқылы жүзеге асырылды, ол әрбір төлемнен өз қызметтері үшін қосымша комиссия алып отырды.

            Бұл ретте, Энергетика министрлігі бекіткен тұрмыстық тұтынушыларды электрмен жабдықтаудың үлгілік шартына сәйкес, электр энергиясын сатушы тұтынушылардың берілген электр энергиясы үшін төлемдерін өз кассалары арқылы қабылдауды қамтамасыз етуге міндетті.

            Ағымдағы жылдың ақпан айында Монополияға қарсы департамент «Энергопоток» ЖШС-не анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым шығарды.

            Төлем ұйымының тұтынушылардан төлем қабылдау әрекеттері тоқтатылды, Шардара ауданында наурыз айында «Энергопоток» ЖШС жеке кассаларын ашты.

            Сондай-ақ «Энергопоток» ЖШС 2 миллион теңгеден астам айыппұлмен әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

 

ашық көздерден алынған фотосурет