ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ БОЙЫНША МОНОПОЛИЯҒА ҚАРСЫ ДЕПАРТАМЕНТ «BIG CAPITAL IST» ЖШС АТЫНА ХАБАРЛАМА ШЫҒАРДЫ

ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ БОЙЫНША МОНОПОЛИЯҒА ҚАРСЫ ДЕПАРТАМЕНТ «BIG CAPITAL IST» ЖШС АТЫНА  ХАБАРЛАМА ШЫҒАРДЫ

 

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті «BIG Capital IST» ЖШС атына кәсіпорын әрекеттерінде бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманың бұзылу белгілерінің бар екендігі туралы хабарлама шығарды.

«BIG Capital IST» ЖШС өңірде сұйытылған мұнай газын сақтау жөніндегі қызметтер нарығында үстем жағдайға ие субъект болып табылады.

  «Blue-Star.PV» ЖШС-ның, «ИнтерснабGas» ЖШС-ның және «ГазБытСервис» ЖШС-ның сұйытылған мұнай газын сақтау қызметтерін көрсету бойынша «BIG Capital IST» ЖШС Шартының талаптарымен келіспеуге қатысты монополияға қарсы органға келіп түскен ұжымдық өтініш мәліметтерін талдау нәтижелері хабарламаны шығаруға негіз болды. Белгілі болғандай, Шартта Тапсырыс берушінің сұйытылған газының сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттер болған кезде, онда тиеу (босату) кестесі бұзылған жағдайда Тапсырыс берушінің тауарына иелік ету құқығы туралы талап болған. Бұл талап заңсыз болып табылады, осыған байланысты «BIG Capital IST» ЖШС әрекеттерінде Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік Кодексінің 174-бабын бұзу белгілері байқалған.

Анықталған белгілер негізінде Департамент «BIG Capital IST» ЖШС-ға оның әрекеттерінде Шарттың мәніне жатпайтын экономикалық немесе технологиялық негізсіз талаптарды шарттан алып тастау жолымен оларды жою бойынша шаралар қабылдау үшін Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзу белгілерінің бар екендігі туралы хабарлама жолдады.

Хабарламаны орындау мерзімі – оны алған күннен бастап 30 күнтізбелік күн.  Хабарлама орындалмаған, оны толық көлемде орындамаған жағдайда, Департамент белгілеген оның орындалу мерзімдерін бұзу нарық субъектісінің, мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдардың, мемлекет нарық субъектілерінің қызметін реттеу функцияларын берген ұйымның әрекеттерінде (әрекетсіздігінде) Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзу белгілерінің болуы туралы тергеп-тексеруді тағайындау үшін негіз болып табылады.

ашық көздерден алынған фотосурет