
Мемлекет басшысының 2022 жылғы 31 қаңтардағы Жарлығымен тексерулер жүргізуге мораторий енгізу туралы Жарлыққа толықтырулар енгізілді. Түзетуге сәйкес, шағын және микрокәсіпкерлік субъектілеріне тексерулер жүргізуге арналған ерекшеліктер тізбесіне іс-әрекеттерінде картель белгілері байқалатын Мемлекеттік сатып алуға қатысушыларға қатысты бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнама талаптарының сақталуын тексерулер енгізілген.
Бұл түзетулер Мемлекет басшысының картельдік келісімдер жасасуға күдік туындаған жағдайда Мемлекеттік сатып алуға қатысушыларды тексеруге мораторийді жоюға қатысты тапсырмасын іске асыру үшін қабылданды.
Түзетулерді қабылдағаннан кейін бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мемлекеттік сатып алуда картельдік келісімнің белгілері табылған кезде шағын және микрокәсіпкерлік субъектілеріне қатысты монополияға қарсы ден қою шараларын қабылдау құқығына ие болады.
Бұл шара бюджет қаражатын үнемдеуді қамтамасыз етіп қана қоймай, әділ және ашық бәсекелестікті дамытуға ықпал ететін болады.
Анықтама
Картельдік келісімдер - бұл бәсекелестікті шектеуге, бағаларды белгілеуге немесе ұстап тұруға, оның ішінде сатып алуда, тауар нарығын аумақтық қағидат бойынша бөлуге, шарттар жасасудан бас тартуға және т. б. әкеп соғатын немесе әкеп соғуы мүмкін нарық субъектілері арасындағы кез келген нысанда, жазбаша немесе ауызша қол жеткізілген келісімдер.
Сурет ашық көздерден алынды