
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бәсекелестікті дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2022 жылғы 3 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңымен Кәсіпкерлік кодекстің 177-бабының 1-тармағында баяндалған жосықсыз бәсекелестік ұғымы, Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың және «Бәсекелестік туралы» Модельдік заңның ережелеріне сәйкес келтірілді.
Жаңа тұжырымдамаға сәйкес, нарық субъектісінің әрекеттерін жосықсыз бәсекелестік деп тану үшін олардың құқыққа сыйымсыз артықшылықтарды алуға бағытталғандығы жеткіліксіз.
Енді, бәсекелестердің іскерлік беделіне құқыққа қарсы әрекеттермен залал немесе зиян (оның ішінде әлеуетті) келтіру міндетті шарт болып табылады.
Яғни, егер субъектінің әрекеттері оның бәсекелестеріне бағытталмаса, оларға зиян келтірмесе және іскерлік беделіне нұқсан келтірмесе, мұндай әрекеттер жосықсыз бәсекелестік ретінде қарастырылмайды.
Мұндай нақтылау жосықсыз бәсекелестікке тыйым салудың репрессивті әлеуетін едәуір төмендетеді және осы құқықтық тетікті негізінен адал нарық субъектілерінің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға немесе басқаша айтқанда адал бәсекелестікті қорғауға шоғырландыруға мүмкіндік береді.
Анықтама:
Кәсіпкерлік кодексінің 177-бабы 1-тармағының жаңа редакциясы
(2022 жылғы 6 наурыздан бастап қолданысқа енгізіледі)
Қазақстан Республикасының заңнамасына, іскерлік айналым ғұрыптарына, парасаттылық, зерделілік пен әділдік талаптарына қайшы келетін және басқа да нарық субъектілеріне – бәсекелестерге зиян келтірген немесе келтіруі мүмкін не олардың іскерлік беделіне нұқсан келтірген немесе келтіруі мүмкін нарық субъектісінің (тұлғалар тобының) немесе бірнеше нарық субъектісінің (тұлғалар тобының) кәсіпкерлік қызметте артықшылықтар алуға бағытталған кез келген әрекеттері жосықсыз бәсекелестік болып табылады.
Сурет ашық көздерден алынды