
Мемлекет басшысының инфрақұрылымға, оның ішінде теміржол тұйықтарына, разъездерге, эстакадаларға толық және ашық қолжетімділікті қамтамасыз ету туралы тапсырмасы бойынша және кәсіпкерлердің ұжымдық өтініші негізінде Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті монополиялық жоғары бағаларды белгілеу фактілері бойынша локомативтік тартқыш операторы «Жолашар ТЖ-Сервис» ЖШС-не қатысты тергеуді бастады.
Кәсіпкерлердің өтінішінде ұсынылған мәліметтер бойынша 2021 жылғы 1 шілдеден бастап «Жолашар ТЖ-Сервис» ЖШС вагондарды беру-жинау қызметі үшін бағаны 13 013 теңгеден 37 335 теңгеге дейін, яғни үш есеге көтергені анықталды.
Бәсекелестік жағдайын талдау нәтижелері бойынша «Жолашар ТЖ -Сервис» ЖШС Алматы-2 стансасынан оныншы жүріс жолы арқылы қабылдау-тапсыру (кірме) жолдарына дейін локомотивтік тартымы бар вагондарды беру-жинау қызметтері нарығында монополиялық жағдайға ие екендігі анықталды.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 159-бабы 3-бөлігіне сәйкес, нарық субъектiлерiнiң Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде тыйым салынған өзiнiң үстем немесе монополиялық жағдайын монополиялық жоғары (төмен) немесе төмен бағаларды белгілеу, ұстап тұру арқылы терiс пайдалануы, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын iс-әрекет белгiлерi болмаса, - монополистiк қызметтi бiр жылдан аспайтын мерзiмде жүзеге асыру нәтижесiнде алынған монополиялық кіріс тәркiлене отырып, шағын немесе орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға монополистiк қызметтi жүзеге асыру нәтижесiнде алынған кірістің (түсiмнiң) – үш, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бес пайызы мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Сурет ашық көздерден алынды