
Мемлекет басшысы отандық ірі бизнес өкілдерімен қаңтардағы кездесуде мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті (МЖС) қайта қарау қажеттігін атап өтіп, бұл тетік мемлекеттік сатып алу рәсімдерін айналып өтудің құралына айналғанын, ал барлық кәсіпкерлік тәуекелдер бюджетке жүктелетінін атап өтті. "Үкімет МЖС-ге жаңа заманауи тәсілдерді әзірлеуі керек", - деп тапсырды Президент.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің қызметі шеңберінде уәкілетті органдар өздерінің бақылау функцияларын жекеменшік серіктестікке бергені, сол арқылы оған мемлекеттік функцияны іске асыру кезінде ақылы қызметтер көрсетуге айрықша құқық берілгені анықталды. Мұндай монополияландырудың жарқын мысалдары Ставкаларды есепке алу орталығы және т.б. МЖС жобалары болып табылады. Бұдан бөлек, тікелей келіссөздер арқылы МЖС жобаларын іріктеу тетігі ұзақ уақытқа осындай "операторды" айқындауға мүмкіндік береді, ал МЖС жобаларымен құрылған ақпараттық платформалар мемлекеттік органдардың меншігі болып табылмайды.
Сондай-ақ, МЖС жобаларын іске асыру жекеменшік монополияның пайда болуына әкелетіні анықталды, ол нарық қатысушыларына қойылатын заңнамалық талап есебінен ақы алуды көздейді. Жекеменшік серіктестіктің қатысуы мемлекеттік бақылау шеңберінде пайдаланылатын деректерді жинауды, өңдеуді қарастырады, бұл Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің нормаларына қайшы келеді.
Қазіргі уақытта БҚДА бірқатар ұсыныстар дайындады, олардың негізгі мәні МЖС жасасу кезінде құрылатын ақпараттық платформаларды мемлекет меншігіне міндетті түрде беру, сондай-ақ осындау жобаларды жүзеге асыру кезінде тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге және бәсекелестікке мүмкіндік беруге бағытталған.
Сурет ашық көздерден алынды