
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бәсекелестікті дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы шеңберінде Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мемлекеттік тапсырмаларды іске асырудың қолданыстағы тетігін жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізді.
Мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын және (немесе) әлеуметтік-мәдени дамуын қамтамасыз етуге бағытталған жекелеген қызметтер көрсетуге квазимемлекеттік сектор субъектілеріне тікелей тапсырыс мемлекеттік тапсырма болып табылады.
Мемлекеттік сатып алудың осы тетігінің болуы аса шұғыл, маңызды және күрделі жобаларды (мысалы, сейсмикалық мониторинг, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қаржыландыруды қамтамасыз ету, зымыран-ғарыш қызметінің әсеріне ұшыраған аумақтардың мониторингі) іске асыру кезінде мемлекеттің қатысу қажеттілігіне негізделген.
Мемлекеттік тапсырмаларды жүзеге асыру кезінде бизнес мүдделері қозғалады, бәсекелестік құрамдас бөлігі толығымен алынып тасталады, мемлекеттік тапсырмаларды жоспарлау «Атамекен» ҰКП мен монополияға қарсы органның оң тұжырымдарының болуы ескеріле отырып жүзеге асырылады.
Сонымен қатар, мемлекеттік тапсырмаларды талдау жыл сайынғы өсу динамикасын көрсетті. Мәселен, 2017-2020 жылдар кезеңінде мемлекеттік тапсырмаларды іске асыруға бөлінетін қаражат сомасы 171-ден 378 млрд. теңгеге дейін өсті (мемлекеттік саясатты қалыптастыру бойынша консультациялық, талдамалық қызметтер, Қазақстанның халықаралық ұйымдардың жұмысына қатысуын сүйемелдеу және т.б.). Сондай-ақ бүгінгі таңда заңнамада қызметтерді мемлекеттік тапсырма нысанасына жатқызу үшін нақты критерийлер жоқ: мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын және (немесе) әлеуметтік-мәдени дамуын қамтамасыз ету жөніндегі жалпы нормалар мемлекеттік тапсырманың мәнін әрдайым көрсете бермейді және оларды мемлекеттік органдар ведомстволық бағынысты ұйымдардан тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) бәсекеге қабілетсіз сатып алу үшін пайдалана алады.
Бәсекелестікті дамыту жөніндегі заң жобасында мемлекеттің қатысуын шектеу үшін мемлекеттік тапсырмаларды іске асыруға болатын салалардың (салалардың) тізбесі қалыптастырылды. Ол 25 тармақты құрайды және бәсекелестікті дамыту деңгейіне байланысты одан әрі қысқартылатын болады. Бұл шара бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне бәсекелестік дамыған тауар нарықтарында мемлекеттік тапсырмаларды іске асыруды жоспарлауға мүмкіндік бермейді.
Сондай-ақ, заң жобасында қызметтерді мемлекеттік тапсырмаға жатқызу үшін критерийлердің толық тізбесі қалыптастырылған, атап айтқанда, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін, қорғаныс қабілетін, стратегиялық объектілерді, аса маңызды ақпараттандыру объектілерін , тауар нарықтарында бәсекелестіктің болмауы немесе төмен деңгейін, я зияткерлік меншік объектілерінің бірегейлігін қамтамасыз ету.
Мемлекеттік тапсырмалардың ерекшелігін ескере отырып, бизнес барлық мәлімделген жұмыс көлеміне талпынбайды. Бірақ жекелеген жағдайларда қызметтердің бір бөлігін жеке кәсіпкерлік субъектілерінің күшімен іске асыруға болады. Сондықтан монополияға қарсы орган мемлекеттік тапсырмаларды мақұлдау кезінде жұмыстардың бір бөлігін жеке кәсіпкерлік субъектілеріне беру туралы шарт қояды. Мысалы, 2020 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің әлеуметтік саланың ақпараттық жүйелерін әкімшілендіру жөніндегі мемлекеттік тапсырмасын жоспарлау кезінде серверлерге техникалық қызмет көрсетуді нарыққа қатысушыларға беру туралы шарт қойылды.
Сонымен қатар, қолданыстағы тәртіпте орындаушыны таңдау конкурстық рәсімдерсіз жүзеге асырылады. Бұл жекелеген мемлекеттік тапсырмалардың ерекшелігіне байланысты (мысалы, ғарыш саласындағы халықаралық келісімдерді іске асыру, Олимпиаданы ретрансляциялау және т.б.). Бұл норма бизнес тарапынан жиі сынға алынды. Осы мәселені шешу үшін заң жобасы шеңберінде монополияға қарсы органға конкурс арқылы бәсекелес ортаға беруге жататын жұмыс көлемін айқындау жөніндегі құзырет беру қарастырылған.
Заң жобасының қабылдануымен жұмыстардың жекелеген түрлері конкурстық негізде қосалқы мердігерлерге берілетін болады. Атап айтқанда, жыл сайын конкурстық рәсімдерсіз сатып алынған Ұлттық картографиялық-геодезиялық қорды қалыптастыруға арналған мемлекеттік тапсырма бойынша аэрофототүсірілімді тендер қорытындылары бойынша айқындалатын қосалқы мердігерлер жүргізетін болады.
Осылайша, мемлекеттік тапсырмалардың қолданыстағы тетігі бәсекелестік саясатты ескере отырып, қайта қаралатын болады. Бұл түзетулерді қабылдау экономиканы одан әрі мемлекетсіздендіруге бағытталған және бәсекелестікті дамытуға жағдай жасайды.
Таратылатын мемлекеттік операторлардың қызметтерімен мемлекеттік тапсырмалар тізбесін толықтыруға қатысты туындаған мәселелер бөлігінде аталған шара бірыңғай операторлардың бұрын алған міндеттемелерін аяқтау және ҚР Үкіметінің цифрландырудың платформалық моделіне көшуіне байланысты екенін хабарлаймыз. Бұдан әрі жобалардың аяқталуына байланысты бұл қызметтерге мемлекеттік тапсырмалар берілмейді.