
Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті тауық етін көтерме сату нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жүргізілді.
Талдау барысында тауық етін көтерме сату бағасының динамикасы зерттелді. «Береке» ЖШС, «Карпродукт-2030» ЖШС, «Алмас-2000» ЖШС, «Қарағанды нан компаниясы» ЖШС супермаркеттер желілеріне тауық етін әртүрлі бағамен сататыны анықталды. Осы компаниялардың іс-әрекеттерінде анықталған фактілер негізінде монополиялық жағдайды теріс пайдалануға қатысты Кәсіпкерлік кодексті бұзу белгілері анықталды.
Осы жылдың 16 қарашасында «Береке» ЖШС, «Карпродукт-2030» ЖШС, «Алмас-2000» ЖШС, «Қарағанды нан компаниясы» ЖШС-ге қатысты тауық етін өткізу кезінде нарық субъектілерімен немесе тұтынушылармен жасалған мәні бірдей келісімдерге әртүрлі бағаларды не әртүрлі шарттарды қолдануды тоқтату, сондай-ақ негізделген баға белгілеу туралы хабарлама енгізілді.
Хабарламаны орындау мерзімі – хабарлама табысталған күннен бастап 30 күнтізбелік күн.
Осы хабарламаны орындамау, оны толық көлемде орындамау, ведомство белгілеген орындау мерзімдерін бұзу нарық субъектісінің, мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдардың, мемлекет нарық субъектілерінің қызметін реттеу функцияларын берген ұйымның әрекеттерінде (әрекетсіздігінде) Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзу белгілерінің болуы туралы тергеп-тексеруді тағайындауға негіз болады.
Сурет ашық көздерден алынған