
Құрылыс материалдары нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйін талдау және мониторинг жүргізу барысында Қарағанды облысы бойынша монополияға қарсы департамент минермақта плиталарын көтерме сату нарығына талдау жүргізді.
Нарықты талдау барысында «Водоканалстрой» ЖШС (Қарағанды облысының минералмақта плиталарын өндіруші) минералмақта плиталарын нарық субъектілеріне сатудан бас тартқаны анықталды. Сонымен қатар, аталған кәсіпорын өнімді делдал болып табылатын «Мамыр» ЖШС-нен сатып алуды ұсынады. Бұл ретте «Мамыр» ЖШС мен «ПТК «Izoterm» ЖШС минералмақта плиталарын «Водоканалстрой» ЖШС-нен сатып алады.
«Водоканалстрой» ЖШС-нің минералмақта плиталарын көтерме сату нарығындағы үлесі 35%-дан астам. Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің нормаларына сәйкес, басым немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектiлерiнiң тиiстi тауар нарығына кiрудi шектеуге, бәсекелестiктi болғызбауға, шектеуге және жоюға алып келген немесе алып келетін және (немесе) нарық субъектісінің немесе белгілі бір тұтынушылар тобының заңды құқықтарына қысым жасайтын әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне), оның iшiнде: өтініш жасаған кезде тиісті тауарды өндіру немесе өткізу мүмкіндігі болған кезде жекелеген сатып алушылармен шарт жасасудан немесе тауарды өткізуден негізсіз бас тарту сияқты іс-әрекеттерге тыйым салынады.
Осылайша, Департамент «Водоканалстрой» ЖШС әрекеттерінде кодекс нормаларының монополиялық жағдайды теріс пайдалануға қатысты бұзушылық белгілерін анықтады, атап айтқанда, өтініш жасаған кезде тиісті тауарды өндіру немесе өткізу мүмкіндігі болған кезде жекелеген сатып алушыларға тауарды өткізуден негізсіз бас тартқан.
Осының негізінде, «Водоканалстрой» ЖШС-ға бәсекелестік заңнамасын бұзуды тоқтату туралы хабарлама енгізілді. Хабарлама орындалды.
Сурет ашық көздерден алынды