
Квазимемлекеттік сектор қызмет түрлерін қысқарту – бәсекелестікті дамытуға және жеке бастаманы ынталандыруға бағытталған мемлекет иелігінен алу шараларының бірі болып табылады.
Бүгінгі таңда мемлекеттік кәсіпорындар мен квазимемлекеттік компанияларға 399 қызмет түрін жүзеге асыруға рұқсат етілген. Қолданыстағы тізім 2015 жылы қабылданды және бес таңбалы ЭҚЖК кодтары (Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы классификаторы) көрсетілген иесіздендірілген тізімді білдіреді.
Монополияға қарсы орган мемлекеттің экономикаға қатысуын түбегейлі қысқарту жөніндегі жаңа міндеттерді ескере отырып, қызмет түрлері тізбесінің жаңа форматын әзірледі.
Қолданыстағы құралдарды қайта қарау "ақылды реттеу" қағидаттарын енгізуге, атап айтқанда, өңірлердегі бәсекелестіктің даму деңгейін ескере отырып, мемлекет қызметінің түрлерін қысқартуға мүмкіндік береді.
Мысал ретінде стоматологиялық қызметтерді келтіруге болады. Бүгінгі таңда ірі қалаларда жекеменшік стоматологиялар кеңінен ұсынылған, бірақ аудан орталықтарында жеткіліксіз. Тізімнің жаңа редакциясы мемлекетті ауыл халқына зиян келтірмей ірі қалалардан шығаруға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, жекешелендіру жоспарының орындалуын ескере отырып, мемлекеттің бәсекелестігі дамыған нарықтарға қайта қатысуына жол бермеу мақсатында өзекті емес қызмет түрлері автоматты түрде алынып тасталады.
Сонымен қатар, осы жобамен қоса "1 in 2 out" қағидатын енгізу ұсынылады, ол мемлекеттік органдардың тізбеге толықтырулар енгізу кезінде орнына қолданыстағы 2 қызмет түрін алып тастау міндетін қарастырады.
Осылайша, тізбенің жаңа форматы мемлекет пен бизнестің қызығушылықтарын ескере отырып, мемлекеттік кәсіпорындардың қатысуын қысқартуға мүмкіндік береді.
Сурет ашық көздерден алынды