
2021 жылғы 3 қарашада Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында бәсекелестікті дамыту мәселелері жөніндегі заң жобасы бойынша баяндама жасады.
Заң жобасында Мемлекет басшысының негізгі қуатқа тең қолжетімділікті қамтамасыз ету, электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығының көлемін ұлғайту, мемлекеттік және жеке операторлардың қызметін реттеу, нормативтік құқықтық актілердің бәсекелестікке әсерін бағалауды енгізу жөніндегі маңызды тапсырмалары іске асырылуда.
Сонымен бірге, бағаны шамадан тыс реттеу мәселелері шешіледі, тауар нарықтарындағы өнімсіз делдалдар алынып тасталады, тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) бәсекеге қабілетсіз сатып алу көлемі қысқарады.
Тұтастай алғанда, заң жобасын қабылдау бәсекелестік өрісті жан-жақты әртараптандыруға, мемлекеттің назарын шағын және орта бизнесті қолдауға аударуға, нарықтарды монополиялауды тоқтатуға мүмкіндік береді.
Парламент Мәжілісінің депутаттары заң жобасының бірінші оқылымында ұсынылған жаңалықтарды мақұлдады.
Екінші оқылымға дейін жұмыс тобы заң жобасымен қосымша жұмыс істеп, жекелеген нормаларды жетілдіріп, кейбір дәлсіздіктерді жоюы керек.