
Кедергілер жөніндегі кеңестің кезекті отырысы аясында тауар нарықтарына кіру кедергілерін анықтау және жою бойынша жер қатынастары саласындағы әкімшілік кедергілер қаралды.
Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 92-бабымен, егер шаруа немесе фермер қожалығын жүргізуге арналған жер учаскесі пайдаланбау фактісі бастапқы анықталған кезден бастап қатарынан екі жыл бойы мақсаты бойынша пайдаланылмаса, ал объект салуға арналған жер учаскесі оны беру туралы шешім қабылданған күннен бастап үш жыл бойы мақсаты бойынша пайдаланылмаса (егер жобалау-сметалық құжаттамада неғұрлым ұзақ мерзім көзделмесе), онда мұндай жер учаскесі Кодекстің 94-бабында көзделген тәртіппен мәжбүрлеп алып қоюға жатады.
Бұл ретте, егер Кодексте ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер үшін жер учаскесі пайдаланылмайтын деп танылатын нақты жағдайлар белгіленсе, онда құрылысқа арналған жерлер (бизнес жүргізуге арналған жер учаскелері) үшін мұндай жағдайлар белгіленбеген.
Сонымен қатар, ҚР барлық нормативтік-құқықтық актілерінде «игеру» ұғымының түсіндірмесі анықталмаған. Осының салдарынан, өңірде Кодекстің 92-бабын уәкілетті органдар да, соттар да қолданудың біртекті емес практикасы қалыптасты.
Мысалы, егер бір өңірде объект салуға арналған құрылыс салынбаған (бос) жер учаскесі меншік иесінде қолданыстағы рұқсат беру құжаттамасы (СЖТ, ТШ, бекітілген нобайлық жоба және т.б.) болған кезде сот «игерілмеген» деп танылып алып қойылса, басқа өңірде көрсетілген құжаттаманың болуы уәкілетті органның жер учаскесін алып қою туралы талабын соттың қанағаттандырудан бас тартуы үшін негіз болып табылады.
Осыған байланысты, Кеңес отырысында объектілер салуға арналған жер учаскелерін уақтылы игеруді қамтамасыз ету және Кодекстің 92-бабын қолданудың бірыңғай құқық қолдану практикасын құру мақсатында, «игеру» ұғымын және оған сәйкес жер учаскесін нысаналы мақсаты бойынша пайдалану айқындалатын критерийлерді заңнамалық түрде айқындау ұсынылды.
Сондай - ақ, отырыс барысында Ішкі сауда қағидаларының (бұдан әрі-қағидалар) 50-1-тармағына сәйкес, жергілікті атқарушы орган стационарлық емес сауда объектілерін орналастыру орындары мен бағыттарын бөлу туралы мәселені қарайды.
Жоғарыда көрсетілген Ережеге сәйкес, бөлу кезінде стационарлық емес сауда объектілерін орналастыру орындарын және (немесе) бағыттарын бөлу кәсіпкерлік субъектілерінің өтінімдері бойынша жүзеге асырылады және оны жергілікті атқарушы органдар конкурстық негізде жүргізеді. Конкурстың, өтінімдерді қабылдаудың шарттарын, бөлінетін орындардың санын, орналасқан жерін, маршруттарын, бөлінетін алаңды, орналастыру кезеңін жергілікті атқарушы органдар конкурс өткізілгенге дейін күнтізбелік 30 күннен кешіктірмей өздерінің ресми сайттарында жариялайды.
Алайда, жергілікті атқарушы орган тарапынан жоғарыда көрсетілген заң нормасы іс жүзінде орындалмайды, себебі конкурсты өткізу ережесі бекітілмеген.
Осыған орай, отырыс қорытындысы бойынша стационарлық емес сауда объектілерін орналастыру орындарын және (немесе) бағыттарын бөлудің конкурстық тәртібін бекіту мақсатында тиісті мүдделі тұлғалармен, мемлекеттік органдармен және кәсіпкерлік палатасымен бірлесіп қағидалар жобасын әзірлеу және бекіту жөнінде ұсыныс енгізілетіндігі туралы шешім қабылданды.