
2021 жылы 16 қыркүйекте Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Рустам Ахметов Парламент Мәжілісінде "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бәсекелестікті дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заң жобасын таныстырды.
Бұл монополияға қарсы заңнама тарихындағы бесінші пакет. Ол 8 негізгі бағытты қамтиды, үш негізгі реттеуші кедергілердің бәсекелестікке әсерін азайту үшін: "негізгі қуатқа" шектеулі қол жеткізу, бағаны бұрмалау, сондай-ақ таңдаулы қамқорлық немесе фаворитизм.
Бірінші бағыт – негізгі қуатқа тең қолжетімділікті қамтамасыз ету.
Компаниялардың негізгі қуаты олардың тұтынушылары болып табылатын шектес тауар нарықтарының қатысушылары үшін алмастырылмайтын шектеулі немесе капиталды қажет ететін ресурстарға иелік етумен шартталған. Магистральдық теміржол желісі, байланысқа арналған кәбілдік кәріз, одан әрі өңдеуге арналған бастапқы металдар және т.б мысал болып табылады.
Желілік әсер бере отырып, негізгі қуат тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жағдайына тікелей әсер етеді.
Заң жобасымен басым компаниялардың инфрақұрылымы мен ресурстарына қол жеткізу шарттарын нақтылау ұсынылады. Бұл ретте негізгі қуатқа қолжетімділік ашықтық, ақылылық және мерзімділік қағидаттары негізінде берілетін болады.
Екінші бағыт – мемлекеттік және жеке операторлардың қызметін реттеу.
Қазіргі уақытта Кәсіпкерлік кодекс мемлекеттік монополияны енгізу негіздерін айқындайды.
Сонымен қатар, Қазақстанда мемлекеттік монополия құрмай белгілі бір қызмет түрлерін жүзеге асыруға айрықша құқықтарды заңнамалық түрде беру тәжірибесі қалыптасты.
Іс жүзінде мемлекеттік және жеке операторлардың баламалы институты құрылды.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жүргізген талдау қорытындысы бойынша 51 оператор анықталды, олардың 47-сінде мемлекеттің қатысу үлесі бар.
Заң жобасында осы операторлардың қызметін реттеу үшін арнайы құқықтық жеке институтын құруды қарастыру ұсынылады. Осы тәжірибені қолдану одан әрі осындай монополистерді құру жағдайларын азайтуға мүмкіндік береді.
Үшінші бағыт – мемлекеттің экономикаға қатысу үлесін қысқарту.
Бүгінгі таңда Қазақстанда коммерциялық бейіндегі 2 мыңнан астам кәсіпорын (АҚ, ЖШС) құрылды және жұмыс істейді.
Олардың қызмет түрлерінің үштен бірі (347-ден 242-ге дейін) қысқарғанына қарамастан,реттеудің осы құралы Мемлекеттің кәсіпкерлікке қатысу деңгейіне (14,8%) айтарлықтай әсер етпейді, өйткені қызметтің негізгі түрлерін құрамайды.
Бұл мәселені шешу үшін мемлекеттік меншікке секторалдық талдау жүргізу ұсынылады. Секторлық тәсіл кезінде мемлекеттің қатысуын болдырмау үшін базалық өлшемшарттар ретінде ШОБ үлесі, салаға жеке инвестициялардың көлемі, жеке кәсіпкерлердің бөлшек сауда айналымы және т. б. айқындалатын болады.
Мысалы, республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қалалар деңгейінде стоматология, күзет кәсіпорындары, көлік қызметтері, абаттандыру жөніндегі кәсіпорындар және т. б. жекешелендірілуі тиіс.
Заң жобасында осындай талдау жүргізу әдіснамасын регламенттеу ұсынылады.
Төртінші бағыт – мемлекеттік қолдау шараларына тең қол жеткізуді қамтамасыз ету. Заң жобасында мемлекеттік қолдау шараларын көрсетудің бәсекелестік қағидаттарын және олардың сақталуына монополияға қарсы мониторингті айқындау ұсынылады.
Оларды іс жүзінде іске асыру тең жағдайлар жасауға және кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларына қолжетімділікті қамтамасыз етуге, тауар нарықтарындағы бәсекелестікті бұрмалайтын атаулы қолдау фактілерін болдырмауға, мемлекеттің назарын нарықтардың, шағын және орта кәсіпкерліктің жаңа қатысушыларын қолдауға аударуға мүмкіндік береді.
Бесінші бағыт – цифрлық экономиканы реттеудің жаңа тәсілдерін енгізу. Цифрлық платформаларда желілік әсерлердің болуын ескеретін және цифрлық платформалар иелерінің тиісті тауар нарығындағы тауар айналымының жалпы жағдайларына шешуші әсер ету мүмкіндігіне желілік әсердің әсерін бағалайтын цифрлық нарықтарға талдау жүргізудің жаңа тәсілдері ұсынылады.
Цифрлық нарықтарды талдау жөніндегі жаңа әдіснаманы әзірлеу осындай нарықтар мен олардың қатысушыларын сәйкестендіріп қана қоймай, сондай-ақ, отандық кәсіпкерлерге ірі, оның ішінде шетелдік цифрлық платформалардың теріс әсерін барынша азайтуға мүмкіндік береді.
Мысалы, ірі цифрлық платформалардың иелері нарық субъектілеріне өздерінің цифрлық платформасында тауарларды сатуда кедергілер жасай алады және сол арқылы іргелес тауар нарығындағы бәсекелестікті шектей алады.
Алтыншы бағыт – бәсекелестікке ықпалды бағалауды енгізу.
Үздік әлемдік практикаға сәйкес реттеушілік әсерді талдау рәсімі жетілдірілетін болады.
Бұл мемлекеттік органдарға салалық саясатты оның бәсекелестікке ықтимал әсерін ескере отырып түзетуге мүмкіндік береді.
Жетінші бағыт – электр энергиясы нарығында бәсекелестікті дамыту.
Бүгінгі таңда ұйымдастырылған сауда-саттықта электр энергиясының тек 1%-ы ғана сатылады. Қалғанының бәрі ашық емес тікелей келісімшарттар бойынша жүргізіледі. Электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығының көлемін 2025 жылға қарай сауда-саттықта сатуға жататын электр энергиясының міндетті үлесін бекіту жолымен 30% - ға дейін ұлғайту жоспарлануда.
Сондай-ақ, бұл заң жобасының басқа нормаларымен қатар тікелей емес, делдалдар арқылы ірі өнеркәсіптік тұтынушыларға электр энергиясын сату тәжірибесін жоюға мүмкіндік береді.
Сегізінші бағыт – дәрілік заттар нарығындағы бәсекелестікті дамыту.
Қазіргі таңда фармацевтика нарығы қатаң түрде реттелді. Мемлекет елде сатылатын барлық дәрілік препараттарға шекті бағаларды белгілеуде.
Есесіне, шекті бағалар бизнесті рұқсат етілген ең жоғары мәнге тарту әсеріне ие және нарық қатысушылары арасындағы баға бәсекелестігін шектейді.
Заң жобасында бағасы реттеуге жататын дәрілердің тізбесін айқындау ұсынылады.
Бұл тізбені Денсаулық сақтау министрлігі өзара алмастырылатын дәрілердің болуын, сұраныс пен ұсыныс теңгерімін, баға жағдайын және өзге де факторларды ескере отырып бекітетін болады.