БИЗНЕСТІ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ БАҒДАРЛАМАЛАРЫНА ҚОЛ ЖЕТКІЗУДЕГІ КЕДЕРГІЛЕР

БИЗНЕСТІ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ БАҒДАРЛАМАЛАРЫНА ҚОЛ ЖЕТКІЗУДЕГІ КЕДЕРГІЛЕР

Атырау облысындағы Кедергілер жөніндегі кеңестің кезекті отырысында инженерлік инфрақұрылым жүргізу түрінде бизнеске мемлекеттік қолдау алу мәселелері қаралды. Оған Атырау облысының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының өкілдері, бизнес қауымдастық өкілдері және Кеңес мүшелері қатысты.

Қолданыстағы «Бизнестің жол картасы 2025» және «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламалары шеңберінде жетіспейтін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды (электрмен, газбен, сумен жабдықтау және т. б., бұдан әрі мәтін бойынша - ИКИ) салу және дамыту сияқты мемлекеттік қолдау шаралары көзделген.

Мәселен, «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасына сәйкес, кәсіпкер инвестициялық жобаның құны кемінде 200 млн. теңгені, ал ИКИ құны кемінде 50 млн. теңгені құраған жағдайда осы көрсетілген қолдау түрін ала алады.

Бизнес субъектілерінің пандемияға байланысты күрделі жағдайын, сондай-ақ кәсіпкерлердің көрсетілген шектен аз сомадағы өтінімдерінің көптігін ескере отырып, Кедергілер кеңесі отырысына қатысушылар, инвестициялардың ең төменгі сомасының талаптарын 200 млн.теңгеден 100 млн. теңгеге дейін, ал ИКИ құнын 50 млн. теңгеден 30 млн. теңгеге дейін төмендету мәселесін қарауды ұсынды.

«Еңбек» бағдарламасында сондай-ақ ИКИ-ді дамыту және салу түрінде қолдау көзделген, алайда бұл құралды пайдалану тетігі жоқ болуы кедергі және осы қолдауды пайдалану мүмкін еместігінің себебі болып табылады.

Осыған байланысты, Кедергілер жөніндегі кеңес процеске қатысушылардың, оның ішінде бюджеттік бағдарлама әкімшісінің және кәсіпкердің өзінің іс-қимылдарының нақты алгоритмін әзірлеу бөлігінде бағдарламаға өзгерістер енгізуді ұсынды.

 

Сурет ашық көздерден алынған