
Тауар нарықтарына кіру кедергілерін анықтау және жою жөніндегі кеңес отырысы шеңберінде кабельдік кәрізге қолжетімділік арқылы телекоммуникация қызметтерін дамытудағы кедергілер қаралды.
Іс-шара қорытындысы бойынша және қосымша материалдарды зерделеу барысында, жаңа елді мекеннің құрылысын жобалау барысында (Ақжар-Талғайран ауданында орналасқан «Спутник» қаласы) Атырау қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімі, телекоммуникация нарығында осындай қызметті жүзеге асыратын басқа да компаниялардың бар екендігін елемей, кабельді төсеуге техникалық шарттарды алу үшін, тек қана «Қазақтелеком» АҚ-на жүгінгені анықталды.
Инженерлік инфрақұрылымды жобалаудың экономикалық, технологиялық орындылығын қамтамасыз ету шеңберінде құрылыс бөлімі сыртқы инженерлік желілер трассаларының алдын ала схемасымен техникалық шарттар алу үшін телекоммуникация саласы нарығында қызмет көрсететін барлық субъектілеріне жүгінуі және мемлекет үшін ең тиімді кабель төсеу схемасын таңдауы қажет болды.
ҚР Кәсіпкерлік Кодексіне сәйкес, мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде экономиканың тиісті салаларында мемлекеттік саясатты іске асыру кезінде бәсекелестікті дамыту жөнінде шаралар қабылдауға және бәсекелестікке теріс әсер ететін әрекеттерді (әрекетсіздікті) жасамауға міндетті.
Осылайша, монополияға қарсы орган құрылыс бөлімінің іс-әрекетінде Кәсіпкерлік Кодексінің нормаларына сәйкес, жекелеген нарық субъектілеріне оларды бәсекелестерге қатысты артықшылықты жағдайға қоятын жеңілдіктер немесе басқа да артықшылықтар беруде немесе бәсекелестермен салыстырғанда қызметтің қолайсыз немесе кемсітушілік жағдайларын жасауда көрсетілген бәсекелестік заңнаманы бұзу белгілерін байқады.
Атырау қаласы әкімдігінің құрылыс бөліміне қатысты іс-әрекеттерде Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзу белгілерінің бар екендігі туралы Кодекстің 194-бабының 2-тармағының 9) тармақшасында көзделген бұзушылық белгілеріне жол бермеу туралы хабарлама шығарылды.
Хабарлама оны алған күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде орындалуы тиіс.
Сурет ашық көздерден алынды