ҚҰРЫЛЫСТАҒЫ БАҒА БЕЛГІЛЕУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

ҚҰРЫЛЫСТАҒЫ БАҒА БЕЛГІЛЕУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті Кедергілер жөніндегі кеңестің кезекті отырысын өткізді.

Отырыста құрылыстағы баға белгіленімі, атап айтқанда, құрылыстың сметалық құнын айқындаудың ресурстық әдісін енгізу мәселесі қаралды.

Отырыста бұл мәселені кедергілер жөніндегі кеңес мүшесі, Қарағанды облысы Кәсіпкерлер Палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Алхайдар Асқаров көтерді. Оның айтуынша, құрылыс компанияларының құрылыс нормалар мен ережелеріне және мемлекеттік стандартқа қатысты көптеген шағымдары бар. Бірінші кезекте, саланың дамуына кеңес заманының құрылыс материалдарын пайдалану ұсынылған ескірген мемлекеттік стандарттар кедергі келтіруде.

Сондай-ақ, ол тендерге қатысушылар үшін баға ұсынысын төмендетуге болмайтын шекті бағаны белгілеу қажет екенін атап өтті. «Мысалға, нысан 200 млн теңге тұрады, ал тендерге қатысушылар 150 млн теңгені көрсетеді. Бірақ бұдан нысанның құны төрт есе  арзандамайды, мердігерге тағы 50 млн теңге алуға немесе құрылыс материалдарының құны, сапасы немесе саны есебінен үнемдеуге тура келеді. Баға аралығы соншалықты төмендемеуі үшін ол реттелуі керек, әйтпесе сапа зардап шегеді. Бірақ бұл мәселені Үкімет деңгейінде шешу керек», – деді ол.

Көбінесе жергілікті деңгейде тендерді жеңген тендерге қатысушылар республикалық комиссияның шешімі бойынша тапсырыстан айырылады. «Облыстық деңгейде жеңеміз, құжаттарды республикаға жібереміз - онда ұтыламыз және керісінше. Бұл не үшін жасалады?!», – деп спикер ойын білдірді.

Алхайдар Асқаров нақты бағалар негізінде жобалау-сметалық құжаттаманы (ЖСҚ) түзету бойынша мемлекеттік функцияларды өңірлерге беруді ұсынды. Есептеулерде сметалық құнын есептеудің негізгі және өтемдік әдісінің жақсы дамыған механизмін қолдануға шақырды. Сәулет және қала құрылысы істері жөніндегі уәкілетті органның құзыретіне баға белгілеу мәселелерінде жергілікті атқарушы органдардың (ЖАО) әдістемелік басшылығы жөніндегі функциялар кіретінін ескере отырып, спикер оларды ҚазҚСҒЗИ сарапшыларымен бірлесіп өтемақы сомасын мониторингтеуді және бақылауды міндеттеуді ұсынды. Баға мен өтемақы сомасын қалыптастыру кезінде ықтимал сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау үшін ЖАО, Атамекен ҰКП өкілдерін, депутаттарды, ҚазҚСҒЗИ сарапшыларын тарта отырып облыстарда баға белгілеу орталықтарын құру ұсынылды.

Сондай-ақ, Алхайдар Асқаров базистік-индекстік әдіс бойынша сметалық құнның қымбаттау коэффициенттерін сметалық құнды есептеу кезінде және жеткізушілермен есеп айырысуда пайдаланбауды, ал оларды өңірдегі құрылыс саласындағы құрылыс индустриясын, шағын және орта бизнесті дамыту бойынша ЖАО жұмысының рейтингінің көрсеткіші ретінде қарастыруды ұсынды.

Өз тарапынан спикер мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын объектілердегі мердігерлердің өтемақыларын, шығындарын есептеудің өз нұсқасын ұсынды. Оның айтуынша, құрылыста баға белгілеудің жаңа әдісін енгізу материалдардың, бұйымдардың, жабдықтардың және жалақының нақты нарықтық құнымен ағымдағы бағаларда объектілер құрылысының сметалық құнын анықтауға мүмкіндік береді, сондай-ақ сметалық-нормативтік базаны жаңа материалдармен, жабдықтармен және технологиялармен жедел жаңартуды қамтамасыз етеді.

Талқылаудың қорытындысы бойынша Кедергілер жөніндегі кеңес Алхайдар Асқаровтың ұсыныстарын құрылыс саласындағы уәкілетті органның қарауына жіберу туралы шешім қабылдады, өйткені құрылыста баға белгіленімінің жаңа әдісін енгізу Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің және Кедергілер жөніндегі кеңестің құзыретіне кірмейді.

Сурет ашықкөздерден алынды