
Жолдың нақты ұзақтығы үшін төлемнен асатын ақы алу, жөндеу жұмыстарын жүргізу мерзімдері мен тәртібін регламенттеудің болмауы, локомотивтік тартқыштың нақты операторымен ғана шарт жасасу туралы талапты күштеп таңу – кірме жолдар бойынша қызметтер көрсету нарығындағы осы және басқа да жүйелі мәселелерді республиканың әртүрлі өңірлеріндегі кәсіпкерлер бірнеше рет көтерді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі (БҚДА) мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп осы қызметтер нарығында бәсекелестікті дамытуға кедергі келтіретін тосқауылдарды жою бойынша жұмысты жалғастырады
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, БҚДА, ҰЭМ ТМРК, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, мүдделі қауымдастықтармен, тасымалдау процесіне қатысушылармен бірлесіп кірме жолдардың қызметін реттеуге қатысты Теміржол көлігін техникалық пайдалану қағидаларының және Теміржол көлігімен жүк тасымалдау қағидаларының жобаларын әзірледі. Түзетулер тармақ пайдаланушының жылжымалы құрамның өтуі үшін кірме жолдың ұзындығын, жоспардан тыс жұмыстардың мерзімдерін бекіту тәртібін регламенттеуді қамтиды. Тасымалдау процесіне қатысушылармен вагондарды ретсіз қалыптастырғаны үшін жауапкершілікті айқындау мәселесі пысықталып жатыр.
Ағымдағы жылғы 2 сәуірде Қостанай қалсында «КСО» АҚ, «ҚТЖ-Жүк тасымалдары» ЖШС Қостанай бөлімшесі филиалының, «Тоболтранс» ЖШС өкілдерімен және нарықтың басқа да мүдделі қатысушыларымен БҚДА төрағасының орынбасары Болат Сәмбетов даулы мәселелер мен оларды шешу бойынша ұсыныстарды талқылады. Өткізілген кеңес нәтижелері бойынша «КСО» АҚ ресми веб-сайтта транспаренттілік туралы өтінішті, шекараларын, жолдың ұзындығын, бағыттамалы бұрмалардың болуын көрсете отырып, меншік құқығына жататын кірме жолдардың тізбесін орналастырды, нарықтық экономика және адал бәсекелестік қағидаттарын сақтауға бағытталған монополияға қарсы комплаенстың сыртқы актісін әзірледі.
Жүргізілген жұмыс нәтижелері бойынша БҚДА «КСО» АҚ-ның әрекеттерінде жосықсыз бәсекелестік белгілерін байқады, осының негізінде кәсіпорынға бұзушылықтарды тоқтату туралы хабарлама шығарылды. «КСО» АҚ бұл хабарламаны орындамады, осыған байланысты кірме жолдар операторына қатысты монополияға қарсы тергеп-тексеру басталды.
Кірме жолдар операторларының қызметін талдау бойынша жұмыс жалғасып жатыр.
ашық көздерден алынған фотосурет