Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментіне квазимемлекеттік сектор ұйымдары тарапынан қызмет түрлерін жүзеге асыруға қатысты көптеген сұрақтар келіп түсуде. Аталған тақырыпқа деген жоғары қызығушылықты ескере отырып, Департамент квазимемлекеттік компаниялар өкілдерінің қатысуымен "Open Space" форматында онлайн-кездесу ұйымдастырды.
Атап айтқанда, кездесуде Департаменттің нұсқамасына сәйкес "Алматы облысын дамыту бойынша Алатау" АҚ-ның техникалық қадағалауды жүзеге асыру қызметін тоқтату туралы мәселелер қозғалды.
Қатысушылар квазимемлекеттік сектордың заңды тұлғалары қызметінің түрлерін құру, кеңейту және (немесе) өзгерту кезінде монополияға қарсы органмен келісу рәсіміне қатысты Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерімен таныстырылды.
Сондай-ақ, Департамент басшысы Ермек Камелев қатысушыларға Алматы облысы бойынша квазимемлекеттік сектордың қандай заңды тұлғалары Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген бәсекелестік ортаға беруге ұсынылған коммуналдық меншік ұйымдарының тізбесіне кіргенін хабарлады.