
Кеше «5+1» форматында өткен Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары басшылары мен Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі Алқа мүшесі Арман Шаққалиевтің қатысуымен өткен кеңесте қатысушылар 2020 жылғы жұмысты қорытындылады, 2021 жылға арналған жоспарларды талқылады.
ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Рустам Ахметов қатысушыларды қазақстандық монополияға қарсы ведомствоның атқарған жұмыстары туралы хабардар етті.
2020 жылы бірқатар жұмыстар жұргізілді. Үкімет Агенттік әзірлеген 20 негізгі тауар нарығын талдауға негізделген Бәсекелестікті дамыту жөніндегі жол картасын бекітті, Мемлекет басшысы «Бәсекелестікті дамыту жөніндегі мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары туралы» Жарлыққа қол қойды, оған сәйкес бәсекелестікті дамытуға жәрдемдесу Президент, Үкімет, орталық және жергілікті мемлекеттік органдар қызметінің басым бағыты болып жарияланды. Президенттің осы Жарлықта белгіленген тапсырмаларын іске асыру шеңберінде Агенттік Бәсекелестікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны әзірледі, ол қазір қоғамдық тыңдауларға шығарылды. Рустам Ахметов атап өткендей, Ұлттық жоба – бұл бәсекелестік саласындағы мемлекеттік саясатты баяндаудың ықшам нысаны, іс жүзінде ол жалпы мемлекеттік сипаттағы стратегиялық құжат болып табылады.
- 33 жобаны қамтитын Ұлттық жоба 2 базалық бағыттан тұрады: бірінші – «негізгі қуаттарға» қолжетімділікті қамтамасыз ету (биржалық сауданы дамыту, электр энергетикасы, көлік, байланыс, ТКШ салаларындағы нарықтарға қолжетімділікті қамтамасыз ету). Екіншісі - көлік, байланыс, АӨК, ТКШ, денсаулық сақтау тауар нарықтарына кіру тосқауылдарын алып тастау, сондай-ақ мемлекет иелігінен алу, бір көзден мемлекеттік сатып алу үлесін азайту бойынша шаралар.
Ұлттық жобаны іске асыру 2025 жылға қарай экономикадағы орта кәсіпкерліктің ЖІӨ-дегі жалпы қосылған құнның 15%-ы мөлшеріндегі үлесіне қол жеткізуге жәрдемдесетін болады. Ұлттық жобаны іске асырудан жиынтық экономикалық әсер шамамен 6,1 млрд.USD (2,6 трлн. теңге).
Сондай-ақ қазіргі кезде Агенттік жұртшылықтың кеңінен қатысуымен адал бәсекелестікке кедергі келтіретін тосқауылдарды жоюға және тауар нарықтарының жұмыс істеуінің жүйелі проблемаларын шешуге бағытталған бәсекелестікті дамыту жөніндегі заң жобасын әзірледі.