Екі тауар биржасы сауда-саттыққа дайын деп танылды: битум және бензин

Екі тауар биржасы сауда-саттыққа дайын деп танылды: битум және бензин

Қазақстан Республикасының Биржалық комитеті осы тауарлармен сауда-саттық жүргізуге өтінім берген үшеудің ішінен екі тауар биржасын битумды және мұнай өнімдерін биржалық өткізу жөніндегі ұсынымдарда (секциялық қағидаларда) айқындалған тауар биржаларына қойылатын талаптарға сәйкес деп таныды. 17 наурызда ҚР БҚДА төрағасы Серік Жұманғариннің басшылығымен өткен Биржалық комитеттің отырысында тауар биржалары онлайн режимде өздерінің мұнай өнімдерінің сауда-саттығына дайын екендігін көрнекі түрде көрсетті.

Бүгінгі күні Қазақстанда 18 тауар биржасы жұмыс істейді және биржалардың битум және мұнай өнімдерінің электрондық сауда мүмкіндіктеріне тең қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін барлығына Биржалық комитетке қатысу ұсынылды. Биржаларға қойылатын талаптарды регламенттейтін секциялық қағидаларға сәйкес тұсаукесерге дейін тек 3 биржаға рұқсат етілді. Сауда жүйелерін таныстыру барысында битум және мұнай өнімдерінің сауда-саттығын өткізуге құқық иеленушілер анықталды.

«Еуразиялық Сауда Жүйесі» тауарлық биржасы» АҚ Басқарма төрағасы Құрмет Оразаевтың айтуынша, биржаның электрондық тауар жүйесі сауда-саттыққа ниет білдірушілердің барынша көп қатысуына мүмкіндік береді. Ашықтық сауда-саттыққа қатысушылардың іс-әрекеттері туралы толық ақпаратты көрсету арқылы қамтамасыз етіледі, ал қолданыстағы тетіктер нарықтың әрбір қатысушысына нарықтың барлық қатысушыларының коммерциялық іс-әрекеттері туралы хабардар болуға мүмкіндік береді. Барлық өтінімдер бірнеше секунд ішінде беріледі, бұл биржалық сауда-саттық кезінде өте маңызды.

Электрондық сауда жүйесінің функционалы биржалық сауда-саттықты барлық сауда құралдары бойынша автоматтандырылған режимде өткізуді қамтамасыз етеді. Түптеп келгенде, бұл биржалық және биржалық емес индикаторларды дұрыс салыстыруға мүмкіндік береді, бұл сауда-саттық процесінде арбитраждық сәттер туындаған жағдайда қажет. «Каспий» тауар биржасының ұқсас мүмкіндіктері мен мұнай өнімдерін саудалауға арналған жаңа құралдарды оның президенті Эрик Танаев көрсетті.

Биржалық комитет мүшелерінің дауыс беру нәтижелері бойынша екі тауар биржасы – ЕСЖ және Каспий – секциялық қағидалардың талаптарына сәйкес деп танылды. Сауда-саттыққа қатысу үшін Биржалық комитетке қарауға өтінім берген үшінші биржа – «Қазақстандық Электрондық Сауда Жүйесі» АҚ-ға электрондық тауар жүйесінің функционалын биржалық сауда-саттық басталғанға дейін пысықтау ұсынылды. Бұл ретте бензин мен битум саудасының басталуы наурыз айының соңына жоспарланған.