
Басты мақсат - елімізде өндірілетін коммуналдық-тұрмыстық көмірдің 10 пайызын тауар биржалары алаңына шығару.
Кеше ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Тимур Сүлейменов, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин, Сауда және интеграция вице-министрі Ержан Қазанбаев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержанов, Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовец, Қазақстанның барлық өңірлері әкімдерінің орынбасарлары қатысқан кеңесте осы мақсатты іске асырудың тәсілдері мен мүмкіндіктері талқыланды.
Серік Жұманғарин кеңеске қатысушыларды Мемлекет басшысының ірі нарық ойыншылары қызметінің ашықтығын арттыру және биржалық, оның ішінде көмір саудасын тәртіпке келтіру бөлігіндегі тапсырмасын орындау бойынша Агенттіктің жүргізген жұмысы туралы хабардар етті.
- 2015 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі биржалық тауарлардың тізбесін бекітті, оның құрамында көмір бар. Осы тізбеге сәйкес көмір өндіруші компаниялар 60 тонна партия немесе одан асып кеткен кезде коммуналдық-тұрмыстық көмірді өткізуді тауар биржалары арқылы ғана жүзеге асыруға міндетті. Іс жүзінде көмірді тауар биржалары арқылы сату практикасы алыпсатарлардың тұрақты тізбегіне айналды, бұл соңғы тұтынушы үшін бағаның өсуіне әкеледі, - деп атап өтті БҚДА төрағасы.
ҰЭМ бекіткен биржалық тауарлардың тізбесіне бірқатар басқа да өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы тауарлары кіреді, олар бойынша нарықтың барлық мүдделі қатысушыларымен және мемлекеттік органдармен көптеген келіссөздерден кейін бүкіл көлемді тауар биржалары арқылы сатудың қажеті жоқ деп шешілді.
- Біздің елімізде ғана емес, әлемдік практикада да өндірілетін тауарлардың барлық көлемінің 15-30%-ы сауда биржалары арқылы сатылады, қалғаны биржаларда тіркелетін тікелей шарттар бойынша сатылады, - деп хабарлады Серік Мақашұлы. - Біздің міндетіміз – «биржалық үшбұрыш» деп аталатын әділ биржалық бағаны қалыптастыру және оның шеңберінен шығатын барлық нәрсе монополияға қарсы ден қоюдың нысанасына айналады. Біртіндеп біз нарыққа мүдделі қатысушылармен және мемлекеттік органдармен бірлесіп, тізбеге енген тауарларды тауар биржалары арқылы сату деңгейін барлық өндірілетін көлемнің 20%-ына дейін жеткізуіміз қажет.
Коммуналдық-тұрмыстық көмірді тауар биржалары арқылы сатуға қатысты, қазіргі кезде Агенттік барлық өндірілетін көлемнің 10% мөлшеріндегі ең төменгі үлесті тауар биржаларына шығаруды ұсынды. Бұл ретте бұл бүкіл республикалық көлемнің 10%-ы немесе өндіруші өңір бөлінісінде болама, осы мәселе әлі де талқыланып жатыр. Қалған көлем оларды тауар биржаларында тіркей отырып, тікелей шарттар бойынша өткізілетін болады. Сауда-саттық ай сайын, 5 күн ішінде өткізіледі деп жоспарлануда. Ең кіші партия - 60 тонна. Егер аталған 5 күн ішінде сатып алуға өтінімдер болмаса, көмір разрездері бұл көмірді өз қалауы бойынша сата алады. Коммуналдық-тұрмыстық көмірмен сауда жасау тәртібі биржалық сауданың үлгілік қағидаларында белгіленетін болады.
Маңызды шарттардың бірі - тауар биржаларында коммуналдық-тұрмыстық көмірдің 10 пайыз партиясын сату сатып алушыларға (операторларға) белгілі бір түрде ғана жүзеге асырылатын болады. Оларға міндетті талаптар қойылуы тиіс: өңірде т/ж тұйықтарының, тиеу және түсіру техникасының, көмірді жинауға және сақтауға арналған мүмкіндіктердің және т.б. болуы. Өңірлік операторларға қойылатын осы талаптар уәкілетті органмен бірлесіп әзірленетін болады, олардың негізінде жергілікті атқарушы органдар өз облыстарындағы талаптарға сәйкес келетін өңірлік операторлардың тізбесін қалыптастырады және мүдделі мемлекеттік органдардың қарауына жібереді. Осылайша, коммуналдық-тұрмыстық көмірдің 10 пайыздық үлесін тікелей өңірлік операторларға сатудың осы тетігі іске асырылғаннан кейін бағадағы делдалдық бұрмалау жойылады, әділ биржалық бағалар қалыптастырылады, ал өңірлерде әлеуметтік маңызы бар отынды алдын ала сатып алу мүмкіндігі пайда болады. Бұл ұсыныстарды кеңеске барлық қатысушылар қолдады.
- Біз коммуналдық-тұрмыстық көмірді тауар биржалары арқылы сату тетігін ұзақ талқыладық және енді ымыраға келдік, - деп хабарлады кеңесте Николай Радостовец. - Ұсынылатын шаралар әділ бағаны анықтауға мүмкіндік береді. Біз қағидатты мәселе бойынша түсіністікке қол жеткізгеніміз маңызды - базалық бағаны мемлекеттік орган емес, көмір компаниясы белгілейтін болады. Өз тарапымнан әкімдерден бағаны төмендетудің барлық тетігі түпкілікті тұтынушы үшін жұмыс істеуі үшін осы жұмысқа белсенді қосылуды сұраймын. Бұл біздің ортақ міндетіміз.