
Осы мәселені Кедергілер жөніндегі кеңестің отырысында Ержан Сыдықов көтерді. Оның айтуынша, бүгінгі күні цифрлық жобаларды іске асырудың танымал нысандарының бірі нарыққа қатысушыны сервистің бірыңғай операторы ретінде айқындау болып табылады. Алайда, қызметтер мен қатысушыларды іріктеу өлшемшарттары жоқ, яғни бірыңғай операторға қандай бағыттарды беру орынды және орынсыз екенін регламенттейтін бірыңғай ережелер жоқ.
Біз жекеше немесе мемлекеттік оператордың басқаруына берілуі мүмкін қызметтер өлшемшарттарын әзірлеу, сондай-ақ жеке тұлғаларды немесе цифрлық сервистердің мемлекеттік операторларын іріктеу, баға белгілеу, ауыстыру процестерін регламенттеудің бірыңғай тәсілдерін (қағидаларын) әзірлеу қажет деп санаймыз. - деді Ержан Сыдықов.
Бұл ретте, ол электрондық үкіметтің ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторы «ҰАТ» АҚ бір көзден алу тәсілімен шарттар жасасу арқылы мемлекеттік органдарға бірқатар қызметтер көрсету құқығына ие екенін атап өтті. Бұл қызметтер тізбесін ЦДИАӨМ бекітеді. Спикердің пікірінше, қазақстандық АТ-нарығының жетілуін ескере отырып, оператор қызметтерінің бір бөлігін нарыққа беру мүмкіндігі бар. Бұл, атап айтқанда, мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарын сүйемелдеу, сервистік бағдарламалық өнімдерді жалға алу және бірыңғай байланыс орталығының қызметтері (контенттік толықтыруды сақтай отырып).
Өз кезегінде ҚР БҚДА-ның төрағасының орынбасары Марат Омаров қазіргі кезде Агенттік Мемлекет басшысының мемлекеттік және жекеше операторлардың қызметін зерделеу жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде ЦДИАӨМ-мен бірлесіп әдіснамалық кеңес құрғанын, онда «ҰАТ» АҚ-ның қызметі талқыланатынын сөз етті. Ол АТ-саласындағы бәсекелестікті дамыту бойынша бизнестің егжей-тегжейлі пысықталған ұсыныстарын әдіснамалық кеңесте қарау үшін БҚДА-ға жіберуді ұсынды.