
Қостанай облысы бойынша монополияға қарсы департамент Қостанай облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының ӘМАТ өткізу нарығындағы жағдай туралы хатының негізінде қарақұмық жармасын өндіру және өткізу нарығына талдау жүргізді, оның барысында бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманың бұзылу белгілері анықталды.
Атап айтқанда, қарақұмық жармасын өндіруші "Мибеко" ЖШС өзінің үстем жағдайын теріс пайдалана отырып, 2019 жылғы үшінші тоқсанда қарақұмық жармасын сатуға арналған монополиялық жоғары бағаны тоннасына 141 676,09 теңге мөлшерінде айқындады және қолдады, ал негізделген бағасы – тоннасына 139 802,08 теңге (айырмашылық тоннасына 1 874 теңгені құрады).
Бұл әрекеттерге ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабында тыйым салынған.
Қазақстан Республикасы Қостанай облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы ӘҚБтК-нің 159-бабының 3-бөлігінде "Мибеко" ЖШС әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысын қолдады. "Мибеко" ЖШС сот шешімі негізінде 4 156 032,59 теңге сомасында айыппұл төленді және мемлекет қазынасына 1 832 453,42 теңге сомасында монополиялық табыс тәркіленді.
ашық көздерден алынған фотосурет