Ақтөбе облысында кәсіпкерлер сұйытылған мұнай газын сату кезінде шекті бағаларды асырғаны үшін 400 мың теңгеден астам айыппұл төледі

Ақтөбе облысында кәсіпкерлер сұйытылған мұнай газын сату кезінде шекті бағаларды асырғаны үшін 400 мың теңгеден астам айыппұл төледі

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті (БҚДАД) сұйытылған мұнай газын белгіленген шекті бағадан жоғары бағамен сатуды жүзеге асырған дара кәсіпкерлерді әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Қазақстан Республикасы Энергетика және Ұлттық экономика министрлерінің 2020 жылғы 3 сәуірдегі «Автогаз құю станцияларында автокөлікке май құю үшін сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізудің шекті бағаларын белгілеу туралы» бірлескен бұйрығымен автогаз құю станцияларында автокөлікке май құю үшін Ақтөбе облысында сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізудің шекті бағасы ҚҚС-ты ескере отырып, 54 теңге деңгейінде белгіленді.

БҚДАД 6 нарық субъектісі сұйытылған мұнай газын белгіленген шекті бағадан жоғары бөлшек саудада сататыны туралы мәліметтерді осы жылғы қаңтарда Ақтөбе облысының жергілікті атқарушы органдарынан алынды. Осы субъектілерге қатысты БҚДАД бұзушылықты тоқтату қажет екендігі туралы нұсқама шығарды. Монополияға қарсы органның нұсқамасын орындамаған үш субъектіге, атап айтқанда Қуаныш ДК-ге, Уснадин ДК-ге, Ерғазин ДК-ге жалпы сомасы 437 550 теңге айыппұл салынды және олар толық төленді.

www.azh.kz сайттан фотосурет