ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті жерге орналастыруды жобалау қызметтерінің тауар нарығына жүргізілген талдау, сондай-ақ электрондық сатып алу және сауда-саттық порталының мониторингі шеңберінде бес мемлекеттік мекеменің іс-әрекетінде Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 194-бабы 2-тармағының 9) тармақшасын бұзу белгілерін анықтады.
Аталған талдау өткен жылдың қазан айында Open Space форматында «Жерге орналастыруды жобалаудың тауар нарығына қол жеткізуді шектеу» тақырыбында өткізілген іс-шараға байланысты басталған болатын.
Мемлекеттік органдардың бәсекелестікке қарсы іс-әрекеттері «Азаматтарға арналған үкімет «Мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалымен (КЕАҚ) жерге орналастыру және жер – кадастрлық жұмыстарға мемлекеттік сатып алу туралы шарттар жасасудан көрініс тапты, бұл ретте «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңының Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған тұлғадан тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу жағдайларында осындай сатып алуды жүзеге асыруға құқық беретін нормасына сілтеме жасай отырып, бір көзден тікелей тәсілімен жасалды.
Бұл ретте, Қазақстан Республикасының заңдарымен жерге орналастыруды жобалау жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыру үшін КЕАҚ тұлға ретінде айқындалмаған. Бұдан басқа, жүргізілген талдау нәтижелері Жерге орналастыруды жобалау бойынша қызметтер нарығындағы бәсекелестіктің жеткілікті дамығанын көрсетті.
Осыған байланысты, Департамент аталған мемлекеттік органдардың атына олардың әрекеттерінде Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзу белгілерінің болуы туралы хабарлама шығарды.
Хабарламалар орындалуда.