
Атырау облысы бойынша Кедергілер жөніндегі кеңестің 10 желтоқсанында өткен кезекті отырысында агроөнеркәсіптік кешен нарығындағы субсидиялау кезінде бәсекелестікті шектеу мәселелері қаралды. Отырысқа бизнес қоғамдастықтарының және мемлекеттік орган өкілдері қатысты, сондай-ақ шақырылған спикер – Атырау облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Нұрлыбаев болды.
Қайрат Нұрлыбаев өз баяндамасында ауыл шаруашылық кәсіпкерлері тап болатын басты кедергі Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 2018 жылғы 23 шілдедегі №317 бұйрығымен бекітілген Инвестициялық салымдар кезіндегі агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидаларымен (бұдан әрі – Қағида) көзделген бір мезгілде 5 мың ірі қара мүйізді малды немесе қойды ұстауға арналған алаңның (қашалары) болу талабы екенін атап өтті. Атырау өңірінің шөлді және шөлейтті аймақта орналасқандығын есепке алғанда мал азығының тапшылығы мен оны өзге өңірден тасымалдау қымбатшылығына байланысты үлкен көлемде ірі қара малды ұстау қиынға соқтырып отыр. Осыған байланысты, шығындарды өтеу бойынша субсидияларды алу үшін, агроөнеркәсіптік кешен субъектілері жоғарыда аталған Қағида талаптарын орындай алмай отыр. Бұл мәселені шешу үшін климаттық ерекшеліктерді есепке ала отырып, бір мезгілде жем беру алаңында болуы қажет ірі қара/қой мал басы көлемін 5000-нан 500-ге дейін төмендету және бұл өзгерістерді ауыл шаруашылығы саласындағы субсидиялау бойынша нормативтік құқықтық актілерге енгізу қажет. Бұл өзгерістер ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлік субъектілерінің санының артуына алып келеді және бәсекелестік дамуының жаңа серпін алуына мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Кеңестің өзге мүшелерінің пікірлері тыңдалып, Атырау өңірі бойынша агроөнеркәсіптік кешен саласындағы өзекті мәселелер тізімі жасақталды: ауылшаруашылығы өнімін өндірушілерді субсидиялау сұрақтарынан басқа бұл «Қолдау» жүйесіндегі өтініштерді қабылдаудың шектеулі мерзімдері мен «Қолдау» жүйесі бойынша қызмет көрсетудің жоғары төлемақысы, ауыл шаруашылығы техникасын тіркеу мен көлік жүргізу куәліктерін беру құзіретін Ауыл шаруашылығы басқармасынан алып, жол полициясына беру, сондай-ақ балық аулау саласындағы кәсіпкерлерге инвестициялық субсидиядар беру мәселелері.
Талқылау нәтижелері бойынша Кедергілер жөніндегі кеңес қатысушыларының ұсыныстары Бәсекелестікті дамыту бойынша ұлттық жобаны дайындау барысында есепке алу мақсатында және құзіретті органдармен бірлесе отырып өзекті мәселелерді шешу бойынша шаралар қабылдау үшін Монополияға қарсы Агенттікке жолданды.