
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агентігі жұмысының басты мақсаты – орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың қатысуымен бәсекелестікті дамытуға арналған ұлттық жобаны жүзеге асыру. Бұл туралы БҚДА төрағасы Серік Жұманғарин Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы және Орталық Азия аймағындағы өкілдерімен онлайн-келіссөздері кезінде хабарлады. Кездесуге БҚДА төрағасы орынбасары Марат Омаров, Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Жан-Франсуа Марто, Орталық Азия аймағы бойынша жетікші экономист Ивайло Изворски және басқа да қатысушылар қатысты.
Тараптар Қазақстанның жаңа монополияға қарсы агенттігімен бірлескен жобаларды талқылады. Атап айтқанда, Дүниежүзілік банк өкілдерін Қазақстандағы бәсекелестікті дамытудың жалпы институционалдық негіздері, БҚДА мандаты және Қазақстанда бәсекелестікті дамыту стратегиясын әзірлеу мен қабылдау жоспарлары қызықтырды. Серік Жұманғарин келіссөз қатысушыларына БҚДА қызметінің қазіргі кездегі басты бағыттары – дәрілік препараттарға баға белгілеу процесіне қатысу, бағаны төмендету, Қазақстанның фармацевтика нарығында дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар бойынша баға агрегаторын құру және доминантты компаниялармен бірлесіп сауда биржаларында сауда ережелерін өзгерту мүмкіндіктерін зерделеу екенін хабарлады.
«Өз жұмысымыздың басты мақсатын ұлттық орталық жобаны іске асыру арқылы бәсекелестікті дамыту мен монополияға қарсы органның рөлін арттырудан көреміз, оған барлық орталық және жергілікті мемлекеттік органдар қатысады», - деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар үшін бәсекелестікті дамыту стандарттары, тауар нарықтарының шоғырлануы, бизнеске мемлекеттің қатысуы, ШОБ үлестері мен тауар нарықтарындағы бәсекелестік жай-күйінің өзге де индикаторлары белгіленетін болады.