ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫН КӨТЕРМЕ САТУ ЖӘНЕ ТЕҢГЕРІМДЕУ НАРЫҒЫ БОЙЫНША ТАЛДАУЛАР НӘТИЖЕЛЕРІ ТУРАЛЫ

ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫН КӨТЕРМЕ САТУ ЖӘНЕ ТЕҢГЕРІМДЕУ НАРЫҒЫ БОЙЫНША ТАЛДАУЛАР НӘТИЖЕЛЕРІ ТУРАЛЫ

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі электр энергиясын көтерме сату нарығы мен теңгерімдеу нарығындағы бәсекелестік жағдайын талдауды аяқтады.

Электр энергиясын көтерме сату нарығы жоғары шоғырлануын сақтап отыр:

  • «Солтүстік-Оңтүстік» энергия аймағында «Самұрық-Энерго» АҚ тобы 45%-дан астам үлеспен доминантты жағдайда;
  • Батыс аймақта – «МАЭК» ЖШС, «Атырау ЖЭО» АҚ және «Karabatan Utility Solutions» ЖШС, олардың жиынтық үлесі 80%-дан асады.

2023 жылғы 1 шілдеден бастап инвестиция тарту, тарифтерді теңестіру және делдалдарды жою мақсатында құрылған Біртұтас сатып алушының қызметіне ерекше назар аударылды.

Алайда, электр энергиясын көтерме сату нарығын талдау 
аталған мақсаттарға қол жеткізуге кедергі келтіретін бірқатар факторлардың бар екенін көрсетті.

Электр энергиясының Біртұтас сатып алушы институтын енгізудің негізгі міндеттерінің бірі – қымбат электр энергиясын Біртұтас сатып алушы арқылы кепілді өткізу жолымен жаңа қуаттарды құруға инвестиция тарту болатын. 

Сонымен қатар, қолданыстағы заңнамада «жаңа» станциялар өндірген электр энергиясын кепілді өткізу қарастырылмаған, бұл инвесторлардың қызығушылығының болмауына байланысты Көкшетау мен Екібастұздағы станциялар құрылысына арналған тендерлердің өтпей қалуына әкелді.

Біртұтас сатып алушының жұмыс істеуінің негізгі қағидаты – шетелден, ЖЭК-тен және жаңа станциялардан сатып алынатын қымбат электр энергиясының жүктемесін барлық тұтынушылар санаттарына теңгерімді бөлу болып табылады. 

Алайда, жыл сайын шамамен 27 млрд кВт/сағ (өндірістің 24%-ы) ірі өнеркәсіптік топтар тарапынан Біртұтас сатып алушы жүйесінен шығарылған. 
Олардың электр энергиясының өзіндік құны – 9 теңге/кВтсағ болса, Біртұтас сатып алушының 2024 жылғы орташа бағасы – 18,5 теңге/кВтсағ құрады, жыл ішінде 15 теңгеден 20,51 теңгеге дейін өсті.

Біртұтас сатып алушы жүйесінен шығудың тағы бір тәсілі – нарықтың жекелеген қатысушыларының 
электр энергиясының сату-сатып алу көлемін 2023 жылы жұмысын бастаған теңгерімдеу нарығына (ЭТН) шығару болды. 

Жыл сайын шамамен 4 млрд кВт/сағ электр энергиясы іс жүзінде екіжақты шарттар бойынша ЭТН аясында жүзеге асырылады, бұл орталықтандырылған жүйе көлемін азайтып, қымбат импорттық электр энергиясын сатып алу қажеттілігіне байланысты тұтынушыларға түсетін жүктемені арттырады.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Энергетика министрлігіне Кәсіпкерлік кодексіне, «Электр энергетикасы туралы» Заңына және электр энергетикасы саласындағы өзге де нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша ұсынымдар берілді, атап айтқанда:

- тендерлік рәсімдер шеңберінде енгізілген жаңа генерациялау қуаттарынан электр энергиясының жоспарлы көлемін кепілді сатып алуды қамтамасыз ету;

- топішілік электр энергиясын жеткізу көлемдерін Біртұтас сатып алушы жүйесіне енгізу;

- теңгерімдеу нарығында электр энергиясын қайта сатуға тек көтерме тұтынушыларға құқық беру, делдалдарды алып тастау.




Талдау туралы толық ақпаратпен сілтемеге өтіп таныса аласыз: https://www.gov.kz/memleket/entities/zk/documents/details/886588
https://www.gov.kz/memleket/entities/zk/documents/details/886581