Бәсекелестікті қорғау, Қазақстан Республикасының тауар нарықтарындағы адал бәсекелестікті және тауар нарықтарының тиімді жұмыс істеуін қолдау және қолайлы жағдайлар жасау, экономикалық кеңістіктің біртұтастығын, тауарлардың еркін қозғалысын және Қазақстан Республикасындағы экономикалық қызметтің еркіндігін қамтамасыз ету, осы Кодекске сәйкес монополистік қызметті реттеу және шектеу, адал бәсекелестікке жәрдемдесу және Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу, мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдардың, мемлекет нарық субъектілерінің қызметін реттеу функцияларын берген ұйымдардың бәсекелестікке қарсы әрекеттерінің және жосықсыз бәсекелестіктің жолын кесу бәсекелестікті мемлекеттік реттеудің мақсаттары болып табылады.
Монополияға қарсы орган бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдайды.
Жағдайы тиісті тауар нарығын бақылауға, оның ішінде тиісті тауар нарығындағы тауар айналысының жалпы жағдайына елеулі ықпал етуге мүмкіндік беретін нарық субъектілерінің қызметі монополистік қызмет болып табылады.
Монополистік қызметке:
1) нарық субъектілерінің бәсекелестікке қарсы келісімдері;
2) нарық субъектілерінің бәсекелестікке қарсы келісілген әрекеттері;
3) үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалану жатады.