ЖЕКЕЛЕГЕН ТАУАР НАРЫҚТАРЫНА КІРУ КЕДЕРГІЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жанындағы тауар нарықтарына кіру кедергілерін анықтау және жою жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Отырыс бейнеконференцбайланыс форматында Кеңес төрағасы Арман Бикебаевтың төрағалығымен, Агенттік Төрағасының бірінші орынбасары Рустам Ахметовтың, Кеңес мүшелерінің, құрылымдық бөлімшелер басшыларының, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен нарық субъектілері өкілдерінің қатысуымен өтті.

Отырыс барысында келесі проблемалық мәселелер қаралды:

деректерді қашықтан беру функциясы бар есептегіштерді тексеру кезінде тексеру зертханаларының есептегіш өндірушілерінен қосымша жабдық сатып алу немесе олардың қызметтерін пайдалану қажеттілігі мәселесі;

елді мекендер шегінде азық-түлік өнімдерін қайта өңдейтін шағын өндірістерді орналастыру кезінде белгіленген санитариялық-қорғау аймақтарын (50-ден 100 м-ге дейін) сақтау қажеттілігі;

Маңғыстау облысы аумағында автокөлік құралдарына арналған сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу тауар нарығына кіру мәселелері.

Талқылау қорытындысы бойынша Кеңес мүшелері анықталған проблемалық мәселелерді жоюға бағытталған жұмысты жалғастыруды ұсынды.

Дата публикации
16 марта 2026